«Айқап» журналы – ХХ ғасырдағы ұлт зиялыларының, жас ұрпақтың көзқарасының, қоғамдық «ереуілдің», халық санасының бірден-бір көрінісі. Журналдың «Ай, қап!» деп аталуы туралы журналдың редакторы М.Сералин: «Осы кезге дейін қазақ деген ұлттың аһ ұрған, қап дескен кезі мен сәті, сірә, аз болмаса керек-ті. Бір-бірімен жауласса да, бір-бірімен дауласса да «қап» десіп, сәті түскенде ісіңді алдыңа келтірермін деген келте ойдың құлы болудан басқа ісі болмаған тәрізді. Және де қазақтың қалталы азаматтары халықтың жаңалықтан құлағдар болуына құлықты болмай қаржы бөлмеді, қалтасы болмаса да көңілі бай азаматтарының демеуі қаржы болмай, қу шөппен ауыз сүртіп, «аһ» деп келістік, осы өкініштерімізге лайық жауап, енді қайталамау үшін қашанда көз алдымызда көрініп тұрарлық болсын деп журналымыздың атауын «Айқап» атадық».

Журнал дербес, сыни ойларды, қоғам санасында төңкеріс жасайтын пікірлерді жариялады. Оның бір айқын көрінісі Сақыпжамал Тілеубайқызының «Қазақ қыздарының аталарына» атты үндеуі.

«Қымбатты аталар! Біз дағы сіздердің ер балаларыңыз секілді балаларыңызбыз. Ер балаларыңыз қанша жақсы, білімді, үлгілі болса, соншама сіздерге абыйыр емес пе?! Сол сияқты біздер де білімді, үлгілі болып, надан болмай, тəрбиелі болсақ, сіздерге абыйырлы болмас па едік? Шариғат бұйрығынша ер бала мен қыз бала тең болуға тиісті. Ер баланы артық көріп тəрбие қылсын да, қыз баланы кем көріп тəрбие қылмасын деген шариғат бар ма? Қыздарымыз оқыса бұзылады дейсіз де, біздерді оқудан махұрым қалдырасыз. Бұрынғы ғаялдардың бұзылғандары оқығаннан бұзылған ба екен? Мұны ғақылыңызға салып неге қарамайсыз? Адамды оқу бұза ма екен?» – деп Сақыпжамал қыз баласын оқудан мақұрым қалдыратын ата-аналарды сынға алды. Сол бір кезеңдерде әйел баласын тек тұрмысқа беріп, ал ер баласын артық санап, қолда барын тек ұлға жұмсаған ата-ананың санасына жетерліктей пікір деп санаймын.

«13-14-тегі қыздарыңызды малға қызығып елу-алпыстағы шалдарға шырылдатып, қолынан ұстап бересіз, көз жасына қарамай. Осыларыңыз жөн бе? Алпыстағы шал 13-14- тегі қызға тең бола ма? Тең болатын болса, 13-14-тегі ер балаларыңызға 50-60-тағы кемпірлерді неге алып бермейсіздер?».

Сақыпжамал тек білімдегі теңсіздікті ғана емес, жар таңдаудағы айырмашылықты да атап өтті. Бұл мәселені қазақ даласына тұнған қатер деп атар едім. Себебі, туынды актуалдығын ғасыр бойы жоғалтпады. Қазіргі қоғам арасында да қызға таңдау бермейтін, қалыңмалға бауырындағы баласын сатуға дайын, тұрмыстағы қыздың көріп жүрген қорлығын елемей, тек өз пайдасын ойлайтын ата-аналар қазіргі қоғамда да бар.

Сақыпжамал мақаласын былай аяқтайды: «Айқап» журналына əркім мұңын жазып жатқан соң мен-дағы басымыздағы кеңесті қозғап жаздым, журналға басылар деп үміт етемін. Егер басылмаса, журнал ерлер үшін шығарылған екен де, ғаялдар үшін шығарылмаған екен деймін де, бақытымның жоқтығынан көріп қала беремін».

Бұл үндеу тек зиялылардың көзінің ашықтығынан жарыққа шықты десек қате болмас. «Айқаптың» редакторлары, ұжымы ерлерден құралғандықтан мақала басылмауыда мүмкін еді. Алайда әйел теңсіздігі баспаның көтереген ең ауқымды мәселелерінің біріне айналды.

Сақыпжамал Тілеубайқызының жазған жұмысы алғашқы феминистік туындылардың бірі. Оның батыл үндеуіне тек кеңестік қоғам емес, қазіргі жазушы-журналистер де бас иеді деп ойлаймын. Бұл пікір және оның басылуы қазіргі қоғамның қалыптасуына деген батыл әрі нық қадам.

Шәкрат МЕРЕЙ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің
1-ші курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!