Қазіргі жаһандану және технологиялық үдерістер қарқынды жүріп жатқан заманда білім беру жүйесі жаңа талаптарға бейімделуі қажет. БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) төртінші тармағы – «Сапалы білім беру» қағидасына сәйкес, білім беру саласындағы өзгерістерді талқылау және жаңа мүмкіндіктерді қарастыру маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Осыған орай, География және табиғатты пайдалану факультетінің «Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер» мамандығының студенттерімен ашық куратор-эдвайзерлік сабақ өткізілді. 

Біздің «Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер» мамандығының студенттері үшін ұйымдастырылған ашық куратор-эдвайзерлік сабақ өзіміздің болашақ біліміміз бен кәсіби дамуымыз туралы ойлануға үлкен түрткі болды. Сабақтың негізгі тақырыбы – «Өзгерістер дәуіріндегі білім беру жүйелері», ал оның қонағы ретінде шақырылған География және табиғатты пайдалану факультетінің ғылыми инновациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары, доцент м.а. Рысмагамбетова Айна Ақанқызы бізге өте маңызды ақпараттармен бөлісті. 

Аталған іс-шара студенттердің қазіргі білім беру жүйесіндегі өзгерістермен танысып, халықаралық бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктерін зерттеуіне бағытталды. Айна Ақанқызының баяндамасы барысында біздің академиялық ұтқырлық пен халықаралық бағдарламаларға деген қызығушылығымыз артты. Ол бізге Erasmus+, студенттік алмасу бағдарламалары, шетелдік ЖОО-ларда оқуға түсу жолдары туралы егжей-тегжейлі түсіндірді. 

Академиялық ұтқырлық – студенттердің немесе оқытушылардың белгілі бір уақыт аралығында басқа оқу орнында білім алып, тәжірибе жинақтауын қамтамасыз ететін жүйе. Бұл бағдарлама әлемдік білім беру кеңістігінде студенттерге жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Оның артықшылықтары:

  • Жаңа білім мен дағдыларды меңгеру – шетелдік ЖОО-ларда оқып, студенттер заманауи оқу бағдарламалары мен зерттеу әдістерімен таныса алады.
  • Кәсіби байланыстар орнату – халықаралық әріптестік арқылы студенттер шетелдік оқытушылар мен зерттеушілермен танысып, болашақ ғылыми жобаларда бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік алады.
  • Тілдік дағдыларды жетілдіру – шет тілінде оқу және қарым-қатынас жасау студенттердің тілдік деңгейін арттырып, олардың жаһандық еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін жоғарылатады.
  • Мәдениетаралық тәжірибе – өзге елдің білім жүйесімен және мәдени ортасымен танысу студенттердің дүниетанымын кеңейтіп, жаңа көзқарастар қалыптастыруға көмектеседі.

Айна Ақанқызы Erasmus+ бағдарламасының қалай жұмыс істейтіні туралы толығырақ айтып берді. Оның айтуынша, бұл бағдарлама студенттерге бір немесе екі семестр бойы Еуропа елдеріндегі университеттерде білім алуға мүмкіндік береді. Бізге ұнағаны – гранттық қаржыландыру мүмкіндігі, яғни студенттер оқу ақысы мен тұру шығындарына қаржылай қолдау ала алады. Бұл біз үшін үлкен мотивация болды. 

Ең маңыздысы – біз осы кездесуден кейін өз болашағымыз туралы нақтырақ ойлай бастадық. Біз үшін бүгінгі сабақ тек университет бағдарламалары туралы ақпарат алу емес, өз болашағымызды басқа қырынан көруге мүмкіндік берген ерекше кездесу болды. Академиялық ұтқырлық – бұл әрбір студенттің өз болашағына инвестиция жасайтын мүмкіндігі. Ендігі мақсат – осы бағдарламаларға қатысып, халықаралық білім беру кеңістігінде өз орнымызды табу. Бұл кездесу, сапалы білім алудың шекарасы жоқ екенін және әркімнің өз болашағын өзі қалыптастыра алатынын түсіндірді.

Осындай шаралар студенттердің халықаралық білім беру тәжірибесіне қатысуға деген қызығушылығын арттырып, олардың білім деңгейін көтеруге және кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге көмектеседі. Өзгерістер дәуірінде сапалы білімге қол жеткізу – әрбір студенттің әлеуетін арттырудың негізгі кепілі.

Жаннұр Тұрсынбекқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
География және табиғатты пайдалану факультеті,
Табиғи-техногендік қауіп-қатерлер
мамандығының 2 курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!