Әрбір тіл үйренуші немесе екінші тілде сөйлейтін адам акцент мәселесіне кезігеді. Акцент – адамның ана тілінің немесе бұрынғы тілдік тәжірибесінің оның жаңа тілде сөйлеген кездегі дыбысталу ерекшелігі. Көптеген жағдайда акцент негативті түрде қабылданып, оны тіл үйренушінің кемшілігі ретінде қарастырады. Алайда, акценттің болуы табиғи құбылыс және ол мәдени, әлеуметтік, психологиялық факторларға негізделген.

Акценттің пайда болуы тіл үйренушінің фонетикалық, морфологиялық және синтаксистік ерекшеліктерімен байланысты. Ана тілінде қалыптасқан тілдік дағдылар басқа тілде сөйлеген кезде де көрініс табады, бұл тілдік құрылымдардың өзара әсер етуіне әкеледі. Акценттің табиғаты биологиялық (сөйлеу органдарының физиологиялық құрылымы), психологиялық (жеке адамның тілдік бейімділігі) және әлеуметтік (тілдік орта) факторлармен түсіндіріледі.

Акценттің қоғамдағы қабылдануы әртүрлі мәдениетте және әлеуметтік ортада әрқалай. Кейбір қоғамда акцентпен сөйлеу оғаш қабылдануы мүмкін, ал басқа қоғамда ол адамға деген қызығушылықты арттыратын, оның ерекшелігін айқындайтын фактор ретінде бағаланады. Осы акцент мәселесіне қатысты елге белгілі саясаткер, демограф ғалым Әзімбай Ғали фейсбук парақшасында «Қазақтар ағылшынша мейлінше акцентсіз сөйлеуге тырысады. Ал индиялықтар, пакистандықтар «пиджин-инглиш» сөйлеуге тырысады. Қытайлар қай тілді де өз акцентімен сөйлейді. Ал байғұс қазақтар ғана орысша таза сөйлегісі келеді. Менің неміс әріптесім ағылшынша сөйлегенде акцентін жасырмайтын. Неміске «Сіз сөйлегенде бөтен акцентіңіз бар» деуге бата алмайтынмын… Өзін сыйлайтын адам, ұлт өзге тілді міндетті түрде акцентпен сөйлейді. Кавказдықтар орысша әдейі қатты акцентпен сөйлейді. Оған олар құлдық санадағы қазақтар сияқты ұялмайды – қайта мақтанады. Демек, әлеуметтік желілерде ел қатты көтеріп жатқандай, өзге тілді, алдымен бірінші орыс тілін міндетті түрде акцентпен сөйлеуді ережеге айналдырайық!» деп жазады. Бұдан шығатын ой, өзге тілдері акцентпен сөйлеу маңызды екенін байқауға болады. Кезінде орыс тілін акцентсіз сөйлейміз деп өз тілімізге шорқақ болып қалғанымыз жасырын емес. Өсіп-жетілген қалалық жас буын өз ана тілін дұрыс сөйлей алмайтын халге жетті. Демек, өзге тілді акцентсіз сөйлеу өзімізге қауіпті екенін аңғаруға болады.

Қазіргі латын әліпбиіне көшудің қадамдары жасалып жатыр. Латын әліпбиіне көшу – жай әліпбиді ауыстыра салу емес, оның ішінде баста кеткен қателіктерді қайта жөндеуге мүмкіндік туып отыр. Мәселен, өзге тілдерде сөйлегенде қазақ тіліне тән (ә, ө, ү, ұ, қ, ң, ғ) дыбыстарды қосып сөйлеу, жазу жұмыстары жүргізіледі. Мысалы: Орыс тіліндегі сөздерді қазақ тіліне тән дыбыстармен айту немесе жазу үшін кейбір әріптерді қазақ тіліне бейімдеп қолдануға болады. Мысалы: «человек» сөзін «шелебек» деп айтуға тырысқанда, орыс тіліндегі «ч» дыбысы қазақ тіліндегі «ш» дыбысына ауыстырылады. «Цирк» сөзін «сирк», «ёлка» сөзін «йолка» «экран» сөзін «екран», «яблоко» сөзін «йаблоко» деп өзгертуге болады. Осы арқылы өзге тілдегі сөздерді өз дыбыстарымызға бейімдеп сөйлеуді қолға аламыз.

Акцентпен сөйлеу әбестік емес, ол адамның тілдік тәжірибесінің көрінісі және оның тілдік мәдениетінің бір бөлігі. Акцентті қабылдау және оған деген оң көзқарас тілдік әртүрлілікті қолдауға, мәдени байланыстарды нығайтуға және тіл үйренушілерге психологиялық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл мақалада талқыланған мәселелер акцентке қатысты стереотиптерді жоюға, оның табиғатын дұрыс түсінуге және тіл үйренушілерге деген толерантты көзқарас қалыптастыруға көмектеседі.

Жұбатқан ТАҢЖАНОВ,
Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының Қазалы ауданы
бойынша мемлекеттік тілдің оқытушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!