Атырау облысы, Махамбет ауданында тұратын отбасылық жұп «krisha.kz» сайтында сатылымға шығарылған арзан үй туралы жарнамаға алданып қалған, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қайырбек Манарбек – Махамбет ауданының тұрғыны. Ойламаған жерден алаяқтың құрбаны болған ол жұбайы екеуі нарықтағы бағадан едәуір арзанға сатылып жатқан пәтер туралы хабарламаға қызығып, дереу жарнама иесіне хабарласқан. Телефонның арғы жағындағы жарнама иесі хабарласушылар көп екенін айтқан.

«Егер үйді дәл сендерге сатқанымды қаласаңдар, 500 мың теңге алдын-ала төлем жасаңыздар. Қалған ақшаны үйді көрген кезде келісеміз» деді. Біз көп ойланып жатпастан, ақшаны аударып жібердік. Кейін алданғанымызды түсіндік», – дейді Қайырбек Манарбек.

Отбасылық жұп көп ойланбай полицияға шағымданған. Абырой болғанда алаяқты анықтап, ақшаларын қайтарып алған.

Атырау облысының полиция департаментінен білгеніміздей, жыл басынан бері Атырауда интернеттегі алаяқтық бойынша 409 қылмыс тіркелген. Интернет-қылмыстардың көпшілігі olx.kz, krіsha.kz және жалған сайттар мен телеграм каналдар, фейк аккаунттар арқылы жасалуда.

«Интернет арқылы тауар алу, қызмет көрсету түрлеріне алдын-ала төлем жасауға байланысты 314 дерек бар. Ал, жалған сілтемелер арқылы ақша жымқырған 8, онлайн несие рәсімдеуге қатысты 39, өзгенің атына жалған аккаунттар ашқан 6 дерек анықталып отыр», – деп нақтылады Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз-хатшысы Мейірім Ердәулет.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!