Алаяқ өзін полиция департаменті бастығының орынбасарымын деп таныстырып, СҚО тұрғынын алдамақ болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

М. Жұмабаев ауданының тұрғынына желі алаяғы қоңырау шалып, өзін СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаровпын деп таныстырған. Ер адам оның айтқанына сенбей, әңгімені жазып алып, болған жағдай туралы полицияға хабарлаған.

«Осындай жағдайлар жиі кездеседі. Алаяқтар адамға психологиялық қысым көрсетуге тырысады, ойлануға мүмкіндік бермей асықтырады. Криминалдық полиция қызметкерлері телефонмен мұндай сөйлесуге бармайтынын есте сақтаған жөн. Олар куәгер немесе күдікті ретінде адамнан жауап алады, бұл әрекет тек алдын ала хабарлама жіберіліп, жеке кездесу кезінде жүзеге асады. Күмәнді қоңырау түссе, «102» арнасына хабарлаңыз. Полицейдің атын жамылып, өзін таныстырған алаяқ бойынша қызметкердің жеке қабылдауына жазылуға болады. Сонымен қатар, егер алаяқ өзін банк қызметкерімін деп хабарласса, банктің ресми телефонына қоңырау шалып, қоңырау шалу фактісін тексеріңіз. Өз қорыңыздың сақталуына көз жеткізу үшін банкке жеке жүгініңіз», – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.

Белгілі болғанындай, Солтүстік Қазақстан облысында интернеттегі алаяқтар жаңа тәсілді белсенді қолдана бастаған. «Банктен қоңырау шалу туралы» бұрынғы әдістерін қолданар алдында, өздерін полиция немесе прокуратура қызметкеріміз деп таныстырады. Сонымен қатар, олар қызметтегі лауазым иелерінің атын жамылып, қоңырау соғады. Банктің жосықсыз қызметкерлеріне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр деп, құрбандарын алдайды. Ірі көлемде несие ресімдеуге тырысып жатқандарын айтып, бұл жағдайдан сақтану үшін «нұсқаулар» беріп, ақшаны қылмыскерлер ұсынған шотқа аударуға мәжбүрлейді. Мұндай тәсілге алданған адамдар миллиондап шығынға батады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!