Фото: cgon.rospotrebnadzor.ru

Бүгінде адамды алдаудың тың тәсілі белең алып, оның зардабын шеккендер көбейді. Жыл басынан бері 10 мың заңсыз әрекет анықталды. Қызылорда өңірінде 7 ай көлемінде 501 алаяқтық қылмыс тіркелген, десе де оның 245-і аяғына жетпей әшкере болды. Жалпы алаяқтықтың 40,2%-ы интернет арқылы жүзеге асқан.

АЛАЯҚТЫҚТЫҢ ТҮРЛЕРІ ҚАНДАЙ?

Қазақстанда биыл танымал What’sApp мессенджері және TikTok желілері арқылы жасалатын интернет алаяқтық жағдайлары өте жиі кездесе бастады. Зардап шеккендердің көбі 40 жастан жоғары адамдар, мүгедек жандар мен зейнеткерлер.

Жалпы алаяқтықтың формаларына көз жүгіртсек: әлеуметтік желілер және жалған СМС хабарлама жіберу, жасанды интеллектіні қолданып, дауыс немесе бет-жүзін өзгерту арқылы хабарласу. Өзін құзырлы орган қызметкері ретінде таныстырып, өтірік айыптаулар тағып, бұл мәселені ақшамен шешуге болатынын айту арқылы да қаражатыңызды қолды етуі мүмкін. Олардың басты мақсаты – сіз білмейтін заңды айтып, психологиялық тұрғыда қыспаққа алу.

Жалған сайт сілтемелері мен электронды хат жіберу арқылы ақпараттарды алу сіздің жеке деректеріңіздің ұрлануына әкелуі мүмкін. Мәселен, сіздің смартфоныңызға хабарлама келді делік. Ол жерде сіздің көлік, ұялы телефон немесе өзге де сыйлық ұтып алғаныңыз туралы жазылады. Сыйлықты алу үшін аты-жөніңіз бен байланыс нөмеріңізді сілтемеде қалдыруыңызды өтінеді. Қарапайым ғана дүние болған соң, ол сізді күдіктендірмейді. Алайда осы алдамшы хабарлама арқылы алаяқтар өз көксегендеріне қол жеткізеді.

Алданған студенттер де аз емес. Әсіресе ауыл-аймақтан қалаға келіп, жаңа өмірге енді қадам басқан аңғал жастарды құрыққа түсіру алаяқ үшін мәселе емес.

– Бұл – осыдан 2 жыл бұрын болған оқиға. Енді қалаға келіп, университет студенті атанған кезім. Мемлекеттік грантты ұтып алдым. Бірақ алаяқтарға ойламаған жерден тап болдым.

Студент атанғаныма 1 айдан асқан уақыт. Бір-екі күн бұрын ғана алғашқы шәкіртақым түскен еді, оған қоса туған күнім өтіп, ата-анам біршама қаражат берді. Осындай жайма шуақ күндердің бірінде Назым есімді топтасымның нөмерінен What’sApp арқылы хабарлама келді. Алғашында оқымай, жазғандарын елемей қойдым. Десе де жауап берейін деп шештім. Себебі ол «неге өзіңше болып жауап бермей отырсың?» деп жаза бастады. Басында не жағдай болып қалғанын білгім келді. Сөйтсем, ағасының несиесін жабуға кішігірім қаражат сұрағысы келген екен. Осыдан кейін оның топтасым екеніне сенбей, өзінің Назым екенін дәлелдеуін сұрадым. Ол маған Telegram желісі арқылы жазды. Желіде Назымның 3-4 суреті тұрған соң, оған деген күмәнім сейілді.

Қаперімде артық ой жоқ, көмектескім келіп, оған қанша қаражат керек екенін сұрадым. Өзімнің есепшотымда 60 мың теңгедей болды. Бастапқы кезде 1700 теңге беруімді өтінген болатын. Сосын «ақша жетпей қалды, тағы да мұнша теңге салып жіберші» деген соң, айтқан соммасын аударып жібердім. Ақыр соңы ол сұраған қаражат құны 40 мың теңгеге дейін жетті. Барлық ақшаны ол айтқан шотқа аударып жібердім. Жағдайдың қалай болғанын байқамай да қалыппын. Бір кезде топтастарым бар чатқа Назымның өзі жазып жатыр екен. Ол 15 минут бұрын алаяқтың оның атынан ақша сұрап жатқандығын, біздің абай болуымызды өтінген екен. Ал мен осы уақыт ішінде ақшамды қолды қылғанымды кеш ұқтым. Бұл жағдай демалыс күндері болды. Десек те полиция департаментіне барып арыз жаздым. Олар істің жақын арада қаралатынын айтты. Ақыр соңы оны ағаларым тауып, алаяқтың кім екенін білдік. Ол аппаратқа зәру, денсаулығы нашар Белкөл елді мекенінің тұрғыны болып шықты. Емге ақша жинаған көрінеді, бірақ адал жолмен емес, өкінішке орай. Мен оған кешірім беріп, бұл ісін қайталамауын өтіндім, – дейді студент Саида Есжанова.

«Алаңдамаңыз, алаяқтар ғой»

Қазір сымсыз желіден сыр жасыру мүмкін емес. Хакер лезде сіз туралы ақпаратқа қол жеткізе алады. Жай байланыс нөмеріңізді білу арқылы да көп мәліметке қол жеткізуге болады. Осы әдістерді қолданып, біреудің атына несие жазып, жалған құжат дайындап, мүлкін иемденіп алғандар өте көп. Жалпы айтқанда жеке делінген дерек «жалпыға ортақ» болып отырған заман.

– Қазір алаяқтардың заманы болды ғой. Біздің барлық дерегіміз қолжетімді. Жақында ғана маған ҚР Журналистер Одағының төрағасы Сейтқазы Матаевтан What’App желісі арқылы хабарлама келді. Содан ол кісімен бір-екі ауыз тілдескенмін. «Сізбен ҰҚК сөйлескісі келеді, сұрақтары бар» деді. Мен мақұл дедім. Артынша басқа нөмермен бір орыс әйел хабарласып, өзін ҰҚК майоры ретінде таныстырды. Сөзінен шикілік барын аңғардым. Содан облыстық ҰҚК мен облыстық полиция департаментіне хабарластым. «Алаңдамаңыз, алаяқтар ғой» деді олар. Содан кейін менде іздестірмедім…

Одан бөлек, алаяқтар нөмерім арқылы менің контактімдегі адамдармен байланысқа шыққан көрінеді. Маған екі адам «сізден хабарлама келді» деп хабарлады, содан дереу чаттар мен Facebook-ке бұл хабарламалардың жалған екенін және хатты жолдаған мен емес екенімді жарияладым. Бір түсінгенім, көбіне аляқтар ҚР азаматы емес. Қазақша жазсаң орысша жауап береді, сөйлеу мәнерлері де бөлек. Сол үшін сақ болыңыздар! – дейді Жәнібек Исаев.

Бұл тұрғыда құзырлы мекемелердің профилактикалық жұмыстары маңызды рөл атқарады. Аталған қылмыстың алдын алу, қылмыскерлерді құрықтау және халықты олардың астыртын әрекетінен сақтандыру мақсатында Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының бұйрығымен тергеу және криминалды полиция бөліністерінің тәжірибелі қызметкерлерінен «Киберпол» жедел- тергеу тобы жасақталды.

Одан бөлек, құзырлы органдар БАҚ-тың көмегімен, әлеуметтік желілер арқылы халық көп шоғырланатын жерлерде алаяқтыққа қатысты жадынамаларды таратып, сол арқылы ақпараттандырумен айналысып отыр. Десек те тәртіпсіздік соған қарамастан белең алып тұр.

Не істеу қажет?

Кез келген қылмысқа тосқауыл болатын заң бар. Алаяқтықпен айналысқан айлакерлерге де жасаған қылмыс көлеміне қарай айып тағылады. Осы жылдың маусым айынан бастап бірнеше заңға өзгеріс енді. Қазақстан Ұлттық банкі бұл мәселені шешу үшін Антифорд- орталықтың құрылғанын хабарлады. Ақылды технологиялық платформа алаяқтықтың алдын алып қана қоймай, күдікті аударымдарды тез анықтап, оларды бұғаттайды. Аталған қосымша қазақстандықтардың қаражатын осылайша қорғайды.

Егер сіз мұндай жағдайға тап болсаңыз, дереу полиция бөлімшесіне хабарлаңыз. Дер кезінде жазылған арыз кейін үлкен қылмыстың алдын алуы мүмкін. Яғни тек өзіңізді ғана емес, өзіңіз секілді жағдайды басынан өткеруі мүмкін азаматтарды ойлау маңызды.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!