Әйелдер арасында жасалатын қылмыстың жиі кездесетін түрі ‒ алаяқтық. Алаяқтық – бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлікке құқықты иемдену болып табылады. Алаяқтық әрекеттерінің әрбір жағдайында істің мәнісін жан-жақты қарастырып, оған ұқсас қылмыстардан ажырата білу қажет. Қылмыстық жауапқа тарту және айыпты деп тану үшін сол әрекеттерде қылмыс құрамының болған-болмағанын анықтап алу қажет. Мұның өзі қылмыстық заңда қылмыстық жауапкершілікке тартуға бірден-бір негіз болып табылады. Қылмыстың әрбір құрамы нақты қылмыстың объективтік және субъективтік белгілерінің сипаттамасынан құралады. Олай болса, бұл мәселелерді алаяқтық құрамына қатысты қарастыратын болсақ, мұндай қылмыстардың сырын түбегейлі білуге болады.
Әйелдер көбінесе алаяқтық әрекетті жүзеге асырғанда қылмыстық қол сұғушылық заты ақша болып табылады. Әйелдердің мұндай алаяқтық қылмысқа баруларының себебі, өзінің материалдық құндылықтарын толығымен қамтамасыз ете отырып, жоғарғы сатыға көтерілуді көздеуі.
Әйел адамдарда қорқытып алушылық – сараңдық, өзімшілдік, қатыгездік, азғындық пен шектен шығушылық қасиеттерімен сипатталады. Көпшілік жағдайда қорқытып алу қылмыстары ер адамдармен жасалады, ал әйел адамдары тек топ құрамына кіру арқылы қылмыс жасауға қатысады.
Жалпы қазіргі таңдағы әйелдер қылмыстылығының жай-күйін, алдын алу шараларын терең зерттеу өте маңызды міндет. Әйелдер қылмыстылығының өсіп келе жатқан ұрпақтың тәрбиесіне тигізетін кері әсері көп. Егер әйел адам қылмыс жасап, қоғамға қайшы түрде өмір сүретін болса, онда жанұядағы болатын жағымсыз жағдайдың өзі жасөспірімдерді жат қылықтардан жасай бастауына дағдыландыратыны анық.
Б.Абдуали,
Қызылорда қаласының №2 сотының бас-маман сот отырысының хатшысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!