Кейде көшеде жүргенімде небір апа, ағаларды көремін. Алақан жайып, өткен-кеткеннен ақша сұрап отырады. Сол сәтті көріп «Неге бұлай екен ?» деп ұзақ ойланатынмын. Мүмкін, тағдыр. Әр адамның тағдыры әр түрлі болады емес пе?!.
Бірақ бүгінде мұндай жандар өте көп. Қазіргі таңда оңай табыстың бірі осы болып тұр. Ащы болса да шындық.
Осы тектес азаматтардың қатары көбейгені жасырын емес. Дені сау, еңбекке қабылетті бол тұра ақша сұрауға намыстанбайды да. Әрине, барлығы деп көпке топырақ шашпаймын.
Мұндай жағдайға әлеуметтік ахуал да әсер ететіндей. Сол мәселеге де бір көз жүгіртсек. Бүгіде бір жәрдем ақыға жан бағып немесе бір ғана асыраушысы бар жағдайы төмен отбасылар жетерлік. Сондықтан қол жаюдың себебі де тығырыққа тірелгеннен шығар, бәлкім.
Осы орайда өмірімде орын алған бір жайды айтқым келіп отыр.
Бір күні мешіттің жанынан өтіп бара жатыр едім. Алдымнан жүзі жайдарлы, жақсы киінген бір апа шықты. «Қызым» деп қолын созып, қасына шақырды. Мен де ойланбастан бардым.
Барғаным сол еді: «Қызым, нанға ақша бересің бе, тиыным болмай тұр?» – деді. «Әрине» деп, сөмкемнен ақша алып бердім. Бірақ онша мән бермедім. Арада біршама уақыт өткеннен кейін сол апаны базар маңынан тағы көрдім. Мені тағы тоқтатып, тағы нанға тиын сұрады. Ештеңе сұрамадым сөмкеннен алып бере салдым. Бірақ ойландым: «Неге бұл кісі бұлай жүр? Киіміне қарасам, жағыдайы мүшкіл жанға ұқсамайды. Содан соң жанына барып: «Апа, балаларыңыз бар ма?» дедім. «Иә, балаларым бар, бірақ мен жалғызбын. Әрқайсысы үй болып, басқа қалаға кетті» – деп жауап қайтарды.
Ішімнен: «Қап, 9ай құрсағына салып өсірген баласы анасын осындай дәрежеге түсіргенін қарашы», – деп ашуым келді. Апамды алып, тамақтанатын жерге бардым. Тамақтанып отырып барлық жағдайды әңгімелеп берді.
Алатын зейнетақысы, пәтердің ақысын төлеумен кетеді екен. Ал тамағына қалмайды. Сол үшін осылай жүрсе керек. Бұл дүниені не үшін айтып отырмын?!. Асыраушысы жоқ кейуана жұмысқа жарамайды. Осылай халық арасына алақан жайып жүр. Бұған кім кінәлі? Әрине, өзі өсірген перзенттері. Мүмкін, жағдайын жасап, қолын жылы суға малып отырғанда мұндай жағдай болмас па еді?!.
Қорыта айтқым келгені, «қолда бар алтынның қадірін біл» және өз маңдай теріңмен тапқан нан тәтті болады. Сондықтан жұртқа алақан жайып, өзіміздің дәрежемізді түсірмейік.
Аружан НОҒАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!