Ерте, ерте, ертеде биік таудың жанында Нұрлы аңғар деген әдемі ауыл болыпты. Ол ауылдың адамдары еңбекқор, тату, дендері сау екен. Балалар ойнап, үлкендер еңбек етіп, бәрі бақытты өмір сүріпті.
Бір күні ауылға бейтаныс бір адам келіпті. Ол жарқыраған тәттілер мен түтіні бар бір зат әкеліпті.
— «Мынаны жесеңдер, шаршамайсыңдар, уайымдамайсыңдар, өмір қызық болады», — депті ол.
Кейбір балалар қызығып, соны байқап көріпті. Алғашында олар өздерін көңілді сезінгендей болыпты. Бірақ бұл алдамшы қуаныш екен.
Көп ұзамай балалардың көздері мұңайып, әлсірей бастапты. Сабақ оқығылары келмей, ойын ойнауға да зауқы соқпай қалыпты. Олар тек сол зиянды затты ғана ойлайтын болыпты.
Мұны көрген ауылдың ақылды атасы былай депті:
— «Бұл тәтті емес, бұл — у. Ол сендердің күштеріңді алып, денсаулықтарыңа зиян келтіреді».
Балалар қателескендерін түсініп, атаның сөзін тыңдапты. Олар зиянды заттан бас тартып, таза ауада ойнап, еңбек етіп, қайтадан қуанышты балаларға айналыпты. Ал бейтаныс адам ауылдан қуылыпты.
Содан бері Нұрлы аңғардың балалары:
«Денсаулық — ең үлкен байлық» екенін ұмытпайтын болыпты.
Нұрболатқызы Әдеміай, №292 орта мектебінің 6 “ Б “ сынып оқушысы, Арал қаласы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
