Бірліктің сөнбеу үшін мәңгі ұшқыны,
Татулықтың сезілсін жанға ыстығы.
Көктемнің күлімдеген ең алғашқы
Ақ жүректен шығатын алғыс күні.
Тарихта қанша дұшпан салды сойқан,
Алқымнан тұншықтырып алды сайтан.
Солардан ел мен жерді сақтап қалған,
Ержүрек бабаларға алғыс айтам!
Асқар тау әкелерім қарлы шыңды,
Аналар мөлдір бұлақ, ар мүсінді.
Ұл-қыздан үміт күтіп мәпелелеген,
Ата-анама айтамын алғысымды!
Айтқаны бұлжымайтын жарғы сынды,
Ұқтырған дүниені мәнді, сырлы.
Ұлағат дәнін сепкен ұстаздарға,
Айтамын басымды иіп алғысымды!
Достарым, туыс, көрші, асыл биік,
Көтеріп сыйластықтың бәсін биік.
Бәріңізге, жасыңыз, кәріңізге,
Айтамын алғысымды басымды иіп!
Әсел ТОҒЫЗБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!