Бала – өмірдің ең үлкен бақыты әрі болашақтың иесі. Ата-ана болу тек перзентті дүниеге әкелу емес, оны тәрбиелеп, жеткізу – әрбір адамның міндеті. Өкінішке қарай, кейде отбасылар ажырасып, ерлі-зайыптылар екі жаққа кетіп жатады. Алайда ата-аналық жауапкершілік ажырасумен аяқталмайды. Әсіресе, баланы асырау мен қамтамасыз ету мәселесінде көптеген жауапкершілік жүктеледі.

Шынын айту керек, отбасыдағы ыдыс-аяқ сылдырлағанан кейін алимент басты мәселеге айналады.

Алимент – ата-ананың баласын асырау үшін төлеуге міндетті қаражаты. Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінде ата-аналардың балалары алдындағы материалдық міндеттері нақты көрсетілген. Егер бала кәмелетке толмаған болса, ажырасқан ата-ананың бірі екіншісіне ай сайын алимент төлеп отыруға міндетті. Мөлшері сот шешімі немесе тараптардың өзара келісімі арқылы белгіленеді. Көп жағдайда төлем мөлшері ата-ананың табысына байланысты. Мысалы, бір балаға табыстың 1/4 бөлігі, екі балаға 1/3 бөлігі, үш және одан көп балаға табыстың 1/2 бөлігі мөлшерінде белгіленеді.

Шынын айту керек, алимент төлегесі келмейтін, жауапкершіліктен жалтаратын азаматтар саны да жыл сайын артып келеді. Бұл – қоғам үшін алаңдатарлық жағдай. Себебі алимент – ата-ананың тек заң алдындағы емес, бала алдындағы моральдық және адамгершілік міндеті. Бір сөзбен айтқанда. алимент төлемеу – баланы қараусыз қалдырумен тең.

Аймағымызда алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерге қатысты сот орындаушылармен «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы заңының талабына сәйкес барлық азаматты мәжбүрлеп орындату шаралары жүргізілуде. Соның бірі – борышкерлерге әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тарту.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, осы жылдың алғашқы тоқсанында алимент төлеуден жалтарып жүрген 115 борышкер әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабы 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілкке тартылған.

Қорытындылай келе, кейбір ата-ана алиментті тек материалдық төлем деп түсінеді. Бірақ бұл – баланың өмір сүру сапасына, тамағына, киіміне, білім алуына, денсаулығына тікелей әсер ететін қаражат. Бұл – ата-ананың баласына деген қамқорлығы мен сүйіспеншілігінің де бір белгісі.

Алимент – жай заңдық міндет емес, бұл – ар алдындағы, перзент алдындағы парыз. Әрбір ата-ана өз баласына лайықты өмір сүру жағдайын жасауға міндетті. Тіпті отбасы бұзылған жағдайда да, баланың болашағы мен бақыты – ата-ананың ортақ жауапкершілігі болып қала береді. Ендеше, алимент – міндет емес, адамгершілік ісі екенін әркім жүрегіне түйіп жүруі керек.

Айдос КАСИМОВ,
Қызылорда облысы бойынша өңірлік
палатасының жеке сот орындаушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!