Балаларға алимент төлеу – ата-ананың заңдық міндеті ғана емес, оның адамгершілік жауапкершілігінің айқын көрінісі. Бұл мәселе ажырасқан отбасылар үшін ең өзекті тақырыптардың бірі болып қала береді. Алимент – балаға деген қамқорлықтың негізі, бірақ қоғамда оған деген көзқарас әртүрлі. Кейбіреулер алимент төлеуді әдеттегі міндет ретінде қараса, енді біреулер бұл жүйеге күмәнмен қарап, оның тиімділігі мен әділеттілігін сынға алады. Ал, статистикаға келсек, 2024 жылдың басында алимент бойынша жалпы қарыз 20 миллиард теңгеге жеткен, бұл 300 мыңнан астам баланың қажетті қаржылық қолдаудан айырылғанын білдіреді.

Қоғамның бір бөлігі алиментті төлеуден жалтарғандарды қатаң жазалауды талап етеді. Олар мұны ата-ананың өз баласына немқұрайдылық танытуы және жауапкершіліктен қашуы деп біледі. Сонымен қатар, алимент төлеушілер арасында бұл міндетке сын көзбен қарайтындар бар. Көбі алименттің балаға емес, екінші тараптың жеке шығындарына жұмсалып жатқанын алға тартады. Мұндай пікірлер алимент төлеу мәдениетінің төмендігін, бұл тақырыптың тек құқықтық емес, әлеуметтік және моральдық аспектілерін де қамтитынын көрсетеді.

Алимент төлеу – ата-ананың өз баласының өміріне қатысуының бірден-бір жолы. Балалар өздерінің өмірі мен болашағына ата-анасының үлес қосып жатқанын сезінуі керек. Дегенмен, кейбір ата-аналар алимент төлеуден жалтарып, бұл міндетті тек материалдық қысым немесе заңды жазалау деп түсінеді. Мұндай әрекеттер балаларға психологиялық тұрғыдан теріс әсерін тигізуі мүмкін. Себебі, алимент – тек қаржылық көмек емес, ата-ана тарапынан мойындалған қамқорлықтың белгісі.

Бұл мәселеде қоғамның мәдениеті мен құндылықтары үлкен рөл атқарады. Егер отбасылық құндылықтарды жоғары қою, бала құқығын қорғауды бірінші орынға шығару мәдениеті қалыптасса, алимент төлеу өздігінен ата-ананың міндеті емес, олардың ерікті жауапкершілігі ретінде қабылданар еді. Бұл жерде мемлекет пен қоғамның рөлі ерекше маңызды. Ақпараттық жұмыстар жүргізу арқылы алименттің мәні мен маңызын түсіндіру, ата- аналарға баланың құқығы мен қажеттіліктерін түсіндіріп, моральдық тұрғыдан көмек көрсету қажет.

Бұдан бөлек, алимент жүйесінің тиімділігін арттыру үшін құқықтық нормаларды жетілдіру де өзекті. Баланың алиментке толық қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында бақылау жүйесін күшейту қажет. Сонымен бірге, алиментті төлеуден жалтарғандарға заңды шаралар қолдану арқылы бұл мәселенің салмағын арттыруға болады. Алайда, тек жазалау жеткіліксіз. Ең бастысы – қоғамда жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру, ата- ананың алимент төлеу арқылы тек қаржылық емес, рухани тұрғыда да баласына қолдау білдіруі керектігін насихаттау.

Қоғамдық көзқарасты өзгерту, ата-ана жауапкершілігінің мәдениетін көтеру арқылы ғана біз балалардың құқықтарын қорғап, болашақ ұрпақтың жарқын өміріне кепіл бола аламыз. Алимент төлеу – тек заңдық міндет емес, әр ата-ананың борышы. Жауапты қоғамда бұл мәселеге жеңіл-желпі қарауға жол берілмейді. Бала ата-ананың өзіне деген қамқорлығы мен махаббатын сезініп өсуі тиіс, себебі, бұл – оның ажырамас құқығы.

Айдос КАСИМОВ,
жеке сот орындаушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!