Алимент – кәмелетке толмаған балаларды, сондай-ақ кейбір жағдайларда бұрынғы жұбайларды, ата-аналарды немесе басқа отбасы мүшелерін асырауға төленетін міндетті төлемдер. Оны уақытылы төлемеу алушының құқығын бұзады және борышкерге әртүрлі жауапкершілік шарасын тудырады. Қазақстан Республикасының заңнамасы алимент төлемегені үшін жауапкершіліктің бірнеше түрін қарастырады. Біз бүгінгі мақаламызда соларға жеке-жеке тоқталатын боламыз.

Ең біріншіден, борышкерді азаматтық-құқықтық жауапкершілік күтіп тұр. Яғни, тұрақсыздық айыбын есептеу. Еске салайық, алимент міндеттемелерін кешіктірген әрбір күн үшін тұрақсыздық айыбы есептеледі. Әдетте, егер келісімде өзгеше белгіленбесе, бұл әр кешіктірілген күн үшін қарыз сомасының 0,1%-ын құрайды. Демек алимент төлеуді кешіктіру – артық төлеу. Ол адамды жауапкершіліктен босатпайды.

Екіншісі – әкімшілік жауапкершілік. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 669-бабына сәйкес, егер борышкер алимент міндеттемелерін дәлелді себептерсіз 3 айдан артық орындамаса қолданылады. Бұл – айыппұл және 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу, т.б. жауапкершіліктер.

Сондай-ақ борышкерге қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған. Қылмыстық Кодекстің 139-бабына сай, егер борышкер жүйелі түрде алимент төлеуден жалтарса және 3 айдан астам қарызы болса, олар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Айыппұл, бостандықты шектеу және қамауға алу секілді жауапкершіліктер көзделген.

Маңыздысы, қылмыстық іс қозғау үшін сот орындаушысы төлемнен қасақана жалтару фактілерін тіркеп, материалдарды құқық қорғау органдарына тапсыруы қажет.

Жауапкершіліктің тағы бір түрі – өзге де ықпал ету шаралары. Оған Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесітуралы» Заңының 32-бабы негізінде, 2-деңгейлі банк есепшоттарына белгілі-бір әрекеттерді жасауына тыйым салу, 33-бабына сәйкес, шетелге шығуды уақытша шектеу, 34-бабына сай, жүргізуші куәлігін пайдалануға уақытша шектеу және 62-бабын басшылыққа ала отырып, борышкердің атына тіркелен жылжымалы және жылжымайтын мүліктеріне тыйым салу жатады. Бұл да өз кезегіндеборышкердің уақытылы төлем жасауына ықпал етеді.

Қорытындылайтын болсақ, алиментті уақытылы төлемегені үшін жауапкершілік ақшалай санкциялардан бастап қылмыстық қудалауға дейінгі сипатта болады. Заң алимент алушылардың мүддесін қорғайды және сот орындаушыларына борышкерлерге әсер етудің барлық құралын ұсынады. Теріс салдарды болдырмау үшін алимент төлеуші өз міндеттемелерін толық көлемде және белгіленген мерзімде орындауы маңызды.

Алимент – өтініш емес, заңның талабы. Ал заң ата-анасының бірі жалтарса да, баланың құқығын қорғауды қарастырады және жалғастыра береді.

Айдана ЖАРАСОВА,
Қызылорда облысы жеке сот
орындаушыларының
өңірлік палатасының жеке сот
орындаушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!