Бүгінде сот шешімі бойынша ата-анадан кәмелетке толмаған балалардың пайдасына алимент өндіру өзекті мәселе болып отыр. Ата Заңымыз – Конституцияның 76-бабының 3-тармағы және ҚР Азаматтық іс жүргізу Кодексінің 21-бабына сәйкес соттардың шешімдері, үкімдері мен өзге қаулылары барлық мемлекеттік органмен, жеке және заңды тұлғалармен міндетті түрде орындалуы тиіс.

Сот шешімін орындау тәртібі ҚР Азаматтық іс жүргізу Кодексінің 236-бабында көрсетілген. Аталған бап бойынша сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін атқару парағы жазылады. Ол өндіріп алушыға беріледі не оның жазбаша өтінішімен сот оны борышкердің мекенжайына байланысты, аумағындағы атқарушылық іс жүргізудің тиісті органына орындау үшін жібереді.

Сот шешімін орындамаған борышкерлерге (балаларына алимент төлемейтін қашқын әкелерге) әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті одан әрі күшейту көзделген. Қазір прокуратура органдарымен бірлесіп сот орындаушылар борышкер жайлы бильбордтар шығарып, БАҚ арқылы мақалалар жариялауда. Арнайы түсірілген бейнероликтерді телеарналар мен ғаламтор желілерінде көрсету де борышкерлермен күресудің бір жолы.

Осы шараларға қарамастан төленбей отырған, орындалмай жатқан алимент өндіру құжаттары баршылық. Ал шығарылған сот шешімі толығымен орындалмайынша, жеке тұлғалардың немесе заңды тұлғалардың бұзылған құқықтары мен бостандықтары қалпына келтірілді деуге болмайды. Сот шешімдерінің орындалмауы – сот жүйесінің ғана емес, жалпы мемлекеттің өзекті проблемаларының бірі.

Ажырасу көп болғандықтан, борышкерлер қатары жыл санап артып келеді. Статистикалық мәліметтерге қарағанда, алимент өндіру жөнінде шыққан әрбір төртінші сот шешімі орындалмайды. Туған баласынан безген безбүйрек әкелердің баласын жастайынан «тірі жетім» атандырып, өз қанынан жаралған ұрпағына қатыгездік жасауы көңілге қаяу салмай қоймайды. Осындай қоғамдық ауыр мәселеден балалар зардап шегіп отыр.

Қызылорда облысының жеке сот орындаушылар өңірлік палатасының жеке сот орындаушыларымен алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерге рейдтік шаралар жүргізіліп, ҚР ӘҚБтК-нің669-бабымен әкімшілік жауапкершіліктері қаралуда. Сондай-ақ әрі қарай алимент төлеуден жалтарған жағдайда борышкерге ҚР Қылмыстық Кодексінің 139-бабымен қылмыстық жауапкершілігі қаралатынын ескертеміз.

А.АУКЕНОВ,
жеке сот орындаушы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!