Алматы әкімі Ерболат Досаев қала аралауға шыққанда өзін самокат қағып кете жаздағанын айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Өкінішке қарай, мопедтер біздің елде көлік болып саналмайды, олар электр қозғалтқышы бар велосипедке жатады. Сондықтан бүгінде Ішкі істер министрлігі самокат пен мопедтерге қатысты жол қозғалысын реттеуге арналған заң жобасын әзірлеуде. Мәслихатқа тапсырма бердім, бәлкім, қалада өзіміз реттейтін шығармыз, бірақ заңнамалық база керек», – деді әкім.
Ерболат Досаев самокаттарды ересектерге немесе жол қозғалысы ережелерін сақтауға мүмкіндігі бар адамдарға беру үшін әкімдік самокат операторларымен жұмыс істеп жатқанын айтты.
«Мені де самокат қағып кете жаздады. Қаланы жаяу аралауға шыққан едім. Ішкі істер министрлігі заңнамалық базаны дайындап жатыр. Ол уақытқа дейін мопедті жалға беретін ірі операторлармен жұмыс істеуге тырысамыз», – деді шаһар басшысы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!