Әуежайдың автотұрағында мас үш ер адам төбелесті. Кейін олардың бірі бөтелкені сындырып, келген полицейлерге қарай жүгірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның видеосы әлеуметтік желіде тарап жатыр.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 26 шілдеде түнгі сағат бір шамасында Алматы Халықаралық әуежайы аумағындағы туристік полиция бекетінің құрамындағы полиция қызметкерлеріне ер адам келіп, көлік тұрағында төбелес болып жатқанын айтқан.
«Ақпарат расталды, анықталғанындай ішімдік ішкен үш ер адам төбелесіп жатты. Олар полиция қызметкерлерінің талабына агрессиямен жауап берді. Төбелесушілердің бірі, бұрын сотталған 1994 жылы туған У. есімді азамат сыраның шыны бөтелкесін сындырып, полицейге қарай жүгіріп, оны соққыға жықпақ болды. Ауыр қылмыстың жолын кескен тәртіп сақшысы қызметтік қаруынан аспанға ескерту оқ атты», – деп хабарлады қалалық полициядан.
Нәтижесінде төбелеске қатысушылар ұсталды. Олар – Алматы және Түркістан облыстарының тұрғындары. Екеуі – адам тонағаны және бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін бұрын сотты болған.
«Олардың әрекеті ҚК-нің 293-бабы 2-бөлігі – бұзақылықпен сараланып, қамауға алынды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды»,- деп атап өтті ведомстводан. Сонымен қатар, қызметтік қаруды қолдану дерегі бойынша қызметтік тексеру жүргізілетін болады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!