Алматы облысында ерекше қажеттілігі бар балалар мен жетімдерді лагерде қамаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желілерде балалар лагерін моншада орналастырған адамның Алматы облысындағы Қаскелең қаласында тағы бір лагері бар екені айтылды. Ата-аналар лагердің орналасқан жерін тауып, есікті сындырып, ішке кірген сәтте ерекше балалар мен жетімдердің қамалып отырғанын анықтады.
Алматы қаласы білім басқармасының қызметкерлері «Айсұлу және Т» ЖШС-ның «Тау самалы» лагеріндегі жағдайды тексерді.
Кейін балаларды аталған лагерь аумағынан алып кету туралы шешім қабылданды.
«Лагерьге дейінгі жол жүру ұзақтығын және балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін ескере отырып, олар Қаскелең қаласындағы жеке мектепте уақытша орналастырылды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін медициналық қызметкерлерді тәулік бойы күзету және сүйемелдеу ұйымдастырылды», – делінген хабарламада.
Әкімдік «Жанұя» мамандандырылған кешенінің тәрбиеленушілері осы мектепте болған кезде оларға күніне алты мезгіл тамақ беріліп, мәдени іс-шаралар өткізіліп тұрғанын айтты.
Кейін «Жанұя» тәрбиеленушілері Алматыға оралды.
Қалалық білім басқармасы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша шартта белгіленген міндеттемелердің сапасыз орындалуына байланысты «Айсұлу және Т» ЖШС-мен шартты бұзу туралы хабарлама жіберді.
«Екі лагерь базасында5ы жағдайларға байланысты білім басқармасы барлық балаларды басқа екі лагерьге кезең-кезеңімен жіберу туралы шешім қабылдады.
Сонымен қатар, жазғы кезеңде балалар демалысын ұйымдастыру мәселесі бойынша мамандандырылған балалар мекемелерінің кураторларымен жұмыс күшейтілді», – деп толықтырды шенеуніктер.
Бұған дейін Алматының әлеуметтік осал отбасыларының балалары лагерьге тегін жолдама алды. Алайда балалар сауна ғимаратына орналастырылған.
Енді Алматы қаласының білім басқармасы балалар демалысын ұйымдастыру бойынша жосықсыз қызмет көрсетушілерді сотқа береді, ал қала прокуратурасы екі бап бойынша тергеуді бастады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!