SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы қаласында қыздарды «ақылды» көзілдіріктің көмегімен жасырын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған жігіт сот шешімімен ірі көлемде өтемақы төлеуге міндеттелді.

Бұл оқиға мамыр айында жария болған еді. Қаладағы сегіз қыз өзін бейнелейтін видеоларды TikTok-тан байқап қалып, сотқа жүгінген. Олардың айтуынша, жігіт көшеде танысуға тырысқан, ал бас тартқан жағдайда да әңгімесін жалғастыра берген. Қыздар түсірілім жүріп жатқанын білмеген, өйткені бейнежазбалар «ақылды» көзілдірік арқылы жасалған. Кейін өздерін желіден көріп, видеоларды өшіруді талап еткен, алайда блогер ол өтінішті орындамаған.

Сот отырысында Бостандық аудандық сотының судьясы талап-арызды толық қанағаттандырып, жігіттің әрекетін заңсыз деп таныды. Сонымен қатар жарияланған видеоларды өшіру туралы шешім шығарылды.

Бұған қоса, сот жігітке әр қызға 300 мың теңгеден моральдық өтемақы төлеуді міндеттеді. Барлығы 2,4 млн теңге шығады. Оған қоса мемлекеттік баж салығы мен нотариус қызметіне кеткен шығындар – шамамен 260 мың теңге, сондай-ақ бір қыздың адвокатқа төлеген 150 мың теңгесі қосылды. Нәтижесінде жас жігіттің «жасырын түсірілімі» шамамен 3 млн теңгеге түсті.

Судья сот шешімін түсіндіре отырып, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес, ешкімнің келісімінсіз оның бейнесін пайдалануға болмайтынын атап өтті.

«Кез келген адамның бейнесін жариялау, тарату немесе пайдалану тек сол адамның келісімімен жүзеге асырылады. Ал бұл жағдайда жауапкер сотта қыздардың рұқсатын алмағанын өзі мойындады», – деді судья.

Алайда шешім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Тараптар бір ай ішінде апелляцияға шағым түсіре алады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!