Фото: depositphotos.com

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматыдағы сейсмология институтындағы ғылыми қызметкерлер бейшараның күйін кешіп, жалақысын ала алмай жүргенін айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол дүйсенбіде Алматыда үлкен жер сілкінісі болғанын еске салды.

«Кеше мен Алматыдағы сейсмология институтының ғылыми қызметкерлерімен кездестім. Осында сіз Үкіметтен қолдау көрсетіліп жатыр дедіңіз. Іс жүзінде Сейсмология институтындағы ғылыми қызметкерлер бейшараның күнін көріп отыр. Олардың ешқандай ғылыми жобасы қабылданбаған. Ғылыми жобаны министрлікке жіберсе, оны қайтарып жіберіп жатыр. Бүкіл қаржыландыруды қыстартып тастаған. Олар айлығын да ала алмай жүр. Сондай-ақ сейсмикалық станциялар қаңылтыр темірге айналған. Оны музейге де қабылдамайды. Қазір сейсмикалық қауіпсіздік дәрежесі осындай», – деді Бақытжан Базарбек Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның пікірінше, институтты Ғылым және жоғары білім министрлігіне беру керек.

«Қазір Сеймология институты Төтенше жағдайлар министрлігінің қарамағында. Сейсмолог ғалымдардың пікірінше, бұл қате. Оны Ғылым және жоғары білім министрлігіне қайтару керек. Бұл мәсеге қатысты пікіріңіз қандай?», – деді депутат.

Министр Саясат Нұрбек мұндай мәселе барын мойындады.

«Бүгінде сейсмология институты Төтенше жағдайлар министрлігінің құзыретінде. Өкінішке қарай, мұны айту дұрыс емес. Алайда онда толық қаржыландыру жоқ. Біз де олардың ішкі процедураларын қолдауға мүмкіндігіміз жоқ. Қайтарылса, біз қарсы болмаймыз. Бірақ биыл сейсмология институтына 3,5 млрд теңге грант бекітілді. Қазір олардың бүкіл заявкасын пысықтап, Үкімет жанындағы жоғары техникалық комиссияның отырысына шығардық. Менің жеке пікірім, институтты (министрлікке) берілгені дұрыс болады», – деді министр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!