14 наурыз – Амал мерекесі. Бұл күнді кей өңірлерде «Көрісу күні» деп те атап жатады. «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» деген Абайдың өлең жолдары осы күнге арнап айтылғандай. Қыстың сызы қайтқан уақыттағы бұл мерекені батыстағы ағайын ерекше қарсы алады. Дегенмен кейінгі жылдары оңтүстік халқы да бұл жоралғыға ерекше назар аудара бастағандай.

Бұл күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, көрші-көлем бір-бірін қонаққа шақырып, меймандардың отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейді. Көрісуде ер мен әйелге шектеу қойылмайды. Ер адамдар қос қолын ұсынып көріссе, әйелдер жағы бір-біріне алақанын тосып, әуелі оң иығын, сосын сол иығын түйістіреді. Жатжұрттық деп саналатын, ұзатылған қызға ағайын-тумасы үлкен болсын, кіші болсын соңынан іздеп барып, арнайы көріскен.

Көрісу – тек адамдардың бір- біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Бір ерекшелігі – «Көрісу» бір күнмен шектелетін мереке емес, айдың соңына дейін жалғасады. Әлдеқандай себептермен 14 наурыз күні болмаған немесе сырт жақта жүрген кез келген адам ауылға жолы түскен бойда қариялардың қолын алып, сәлем беруге тиіс.

«Көрісу» мерекесін асыға күткен әрбір отбасы дастарқанын қазақтың құрт, бауырсақ, ақ ірімшік, қызыл ірімшік, сары май, уыз сынды дәстүрлі тағамдармен көмкеріп, наурыз көжесін дайындап, табалдырығын аттаған әр қонағын жылы жүзбен қарсы алады. Оларға ерекше ізет көрсетіп, төріне шығарады, ас ұсынады. Бір-біріне деген өкпе-реніштері болса, кешіріседі, амандық-саулық тілеседі. Бұл күні әр адам міндетті түрде үш үйдің есігін ашуы керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруі тиіс деген түсінік қалыптасқан. Үйді-үйді қыдырып жүргенде кішкентай балаларға аналары шағын дорба ұстатып қояды. Балақай қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің мәзірінен ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден салып алады. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарқанда молшылық болсын, қарым-қатынасқа сызат түспесін деген ниеттен туған.

Біреуге реніші бар адамдар бұл күні өкпесін ұмытып, татуласады. Сөйтіп, арадағы суық қарым-қатынастың жібі үзіліп, көрісу күні адамдар бір-бірімен қайта табысады. Көрісу күні үйіне кіріп-шықпаған жасы кіші туған-туысқан, көрші-қолаңға үлкендер «Көрісіп шықпады» деп өкпе артады. Сондықтан кім-кімде мүмкіндігі болса, бүкіл ауылдың табалдырығын аттап шығуға тырысады.

Таң атысымен қазанда бұрқырап пісіп жатқан бауырсақтың иісі Көрісу күнінің нышаны. Үйдің үлкендері оянып, дастарқанын толтырып, көрісіп шығатын бала-шағаны күтіп отырады. 14 наурыз күні күн шыққанда есігі ішінен құлыптаулы тұрған үй болмайды. Шаттық пен қуанышқа, ақ бата мен молшылыққа толы бұл мерекеде мәре-сәре болған жұрт осы қарқынмен Жаңа жыл – 22 наурыз мерекесін қарсы алады.

Амал күнінің басты ұғымы – табиғаттың жасыл түске бөленіп, жасарар шағы – көктемге жеттік дегенді білдіру. Енді қиындық артта қалды, адамның аузы аққа, малдың аузы көкке тиді деп қауышуы, ұлы той деген ұғым болса керек.

Амал мерекесі бақ берекеге бастап, ел бірлігі бекем, әрбір таң тыныш атсын!

Нұр БАҚЫТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!