Адамзат баласы жаратылғаннан бері қоғамдық қатынастардың негізі ретінде сенім мен жауапкершілікті ту етіп келеді. Осы құндылықтардың басында «аманат» деген қасиетті ұғым тұр. Аманат – тек біреудің сақтауға берген заты ғана емес, бұл – адамның мойнына алған міндеті, берген уәдесі, сақтаған сыры және жалпы адамгершілік болмысының айнасы. «Аманатқа қиянат жасама» дейді халық даналығы. Біздің тарихқа үңілсек, қазақ халқы әрқашан аманатқа ерекше құрметпен қарағанын байқаймыз. Бұл ұғым бекерден-бекер пайда болмады.
Аманат дегенде әдетте көз алдымызға сый немесе зат елестейді. Алайда бұл өте кең әрі терең ұғым. Бірінші кезекте, ол – Жаратушы тарапынан берілген өмір, денсаулық және ақыл-ой. Екінші кезекте, адамдардың бір-біріне сенуі. Ал үшіншіден, мемлекеттік қызмет, лауазым және халықтың жүктеген зор міндеті.
Аманатқа қиянат жасау – сенімді ақтамау, тапсырылған іске немқұрайлы қарау немесе өз пайдасы үшін біреудің мүлкін не құпиясын жария ету. Ислам ғұламаларының бірі Абдулла Омар: «Егер сендер аманатты сақтай алсаңдар, екі дүниеде ештеңе де жоғалтпайсыңдар», – деп аманаттың діндегі де маңызын атап өткен. Осы бір құнды қасиеттің салмағын Жақсылық Түменбаевтың «Қимас қазына» атты шығармасы арқылы ұға аламыз. Жазушы бұл күрделі сұраққа қарапайым ғана тұрмыстық бұйымдар – ер-тоқым мен бесік арқылы түсінік қалыптастырған.
Шығарманың басталуында-ақ автор: «Біздің үйде кісі көзі қызығарлық екі дүние бар еді. Екеуін де Қасым көкем қолдан жасаған. Бірі – қазақы ер, екіншісі – бесік. Екеуінде де алып-жұлып бара жатқан әшекей-өрнек, көз тартарлық бояу аз… «Қасымның ерін жона-тоқымсыз ат арқасына салып мініп жүре берсең де тимейді», – деп жабысқандарды көкем маңайлатпайды. Талай көңілдестері бесікті де қалаған, бермеді. «Бір жарамды ер-тоқымы, бір бесігі жоқ үй – үй ме?», – деп отырар еді. Қазір біздің үйде соның біреуі ғана қалған…» – деп қазақтың қасиетті бұйымдарының қара шаңырақтағы орны туралы айтады.
Басты кейіпкер – Асан, ағасы Қасым мен жеңешесі Ботагөздің қолында тәрбиеленген бала. Тағдыр тауқыметімен елде ең қиын кезең – соғыс жылдары басталып, Қасым майданға аттанады. Оның соғысқа кетуі үйдің ғана емес, сол шаңырақтағы қасиетті бұйымдардың да бағын байлағандай болды. Қасым барда ешкім қол соғуға батылы бармаған ер-тоқымды қайын ағасы алдап, жалған сылтаумен алып кетеді. Кейін ол бұл қасиетті дүниені бір шенеунікке жағу үшін сыйға тартып жібергені мәлім болады.
Қиянат осы жерден басталады. Адалдыққа сызат түсті. Ботагөз жеңешесі үшін ол ер-тоқым жай ғана ағаш пен былғары емес, жарының көзі, оның адал еңбегінің куәсі еді. Сол ер-тоқым үйден кеткен күннен бастап шаңырақтың берекесі қашқандай болады. Аманатқа қиянат жасаған адам тек затты ғана емес, сол үйдің сенімін, үмітін және киесін қоса ұрлады.
Шығармада екінші аманат бар. Ол бесік. Бесік – болашақтың нышаны. Ботагөз ер-тоқымды қорғай алмағанымен, бесікті көзінің қарашығындай сақтады. Халықтың «Тал бесіктен жер бесікке дейін» деп айтуы бекер емес. Қазақ әрдайым бесікті адамның ғұмырымен байланыстырған.
Әрі қарай оқи отырып, ер-тоқым мен бесіктен бөлек тағы бір аманат бар екенін ұғасың. Асан кішкентай кезінен ағасы мен жеңешесінің қолында жүріп, өзін қатарынан қалыстым деп ойламайды. Қасым екеуі ата-анасынан ерте айырылды. Асан тіпті олардың кім екенін білмейді. Ол осы уақытқа дейін ешқашан өзін басқалардан кем сезбегенін, ата-анасының жанында болмауын білмей өскені туралы айтады. Бұл ата-ананың алдындағы ең басты аманат – Асанның аман болуы, жақсы тәрбие алу еді. Міне, осылай автор отбасы, қарым-қатынас құндылығы туралы да сөз қозғады.
Аманатқа адалдық танытқан жанның ғана ар-ұжданы таза болмақ. Жақсылық Түменбаевтың бұл шығармасы бізді әрбір ісімізге жауапкершілікпен қарауға, өзгенің сенімін аттап өтпеуге және адамдық қалпымызды сақтауға шақырады. Аманатқа адал, уәдемізге берік болайық. Себебі дүниедегі ең қымбат қазына – алтын немесе күміс емес, ол – кіршіксіз сақталған аманат.
Мерей ШӘКРАТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!