Ардақты аналар, аяулы арулар!

Сіздерді бүкіл дүниені шуағына бөлеп, тыныс-тіршілігімізге нәр берген, нәзіктік пен сұлулықтың символы саналатын, көктемнің шұғылалы мерекесі, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Көктемнің сұлу арайын ала келген мереке Сіздерге бақыттың гүлін, сұлулық пен шаттықтың нұрын, әр күннің жылылығы мен жақсылығын, берекесі мен ырысын ала келсін!

Бұл мейрам қашанда ең ізгі, ең ыстық, ең қастерлі сезімдерге толы.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Жәннат – ананың табанының астында» – десе, адамзаттың ұлы ойшылдары ежелден-ақ: «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» – деген.

Әйел – ұлттың айнасы!

Осынау керемет мерекемен менің аяулым, жердегі жұмағым, бақыт мұнарам, бар асылым мен ең қымбат қазынам – анашымды перзенттік шексіз махаббатпен құттықтаймын!

Сізге өмірдің бар жақсылығын, барлық кереметін, барлық игілігін, барлық қуанышы мен бақытын тілеймін!

Біздің арайлап атқан әр таңымыз, барлық бақытты сәттеріміз, көрген қызығымыз бен жеткен жетістігіміз Алланың және сіздің арқаңызда!

Перзент үшін ата-анадан қымбат, олардан асқан мейірімді, жанашыр жан жоқ шығар. Менің де өмірдегі үлгі тұтарым – әкем мен анам! Дегенмен әкеміздің көрер жарығы аз екен. Ол кісі 46 жасында өмірден өтіп, анамыз 6 баламен өзі қалды. Үйдің ең кенжесі менің жасым сол кезде 12-де болатын. Сол кезден бастап әкемізбен бірге көтерген шаңырағының түтінін түзу етіп, жарығын сөндірмей келеді. Бала кезімізден, анамыздың бойындағы шексіз мейірім мен қайсарлықтан қуат алып келеміз.

«Жесірмін» деп балаларын «жетімсіреткен» жоқ. Қазақта «Алладан жасырмағанды адамнан жасырмаймын» дейді ғой. Талай мәрте 6 баланың ас-ауқаты мен қажеттілігін өтеу үшін қиындықтарға қарсы тұрамын деп көзіне жас алғанын, ешкімнен кем қылмаймын деп тынымсыз еңбек еткенін, есесі кетсе де еңсесін түсірмей «басын» биік ұстағанын көріп өстік. Ешкімге алақан жайған жоқ, бізді де біреуден сұрайтын емес, қолыңнан келсе елге болыс деп тәрбиеледі.

Анамыздың сол еңбегі мен бізге деген мейірімін, ақ сүтін ақтау үшін қолдан келгенше тырысып бағамыз, әрине. Бірақ сол өткен шаққа деген «өкпе мен назды» ұмыттыру үшін, жүзіңізден күлкі кетпестей қуанту үшін, бақытты ана сезіндіру үшін бар күш-жігерімді аямай қызмет қылуға әркез аянып қалмаймыз. Лайықты әкенің, лайықты ұрпағы болу үшін барымды саламыз. «Әкеңе тартқансың», «Әкең де осылай жасайтын», «Әкең осылай айтушы еді» деген сөздермен-ақ, мені арқаландырып, әкеміздің жоқтығын сезіндірмеуге тырысты. Сол үшін де сіздей жанды жар қылып, бізге сіздей ана тарту еткен әкеме мың алғыс! Анашым, менің басымдағы бағым, барым, бақытым өзіңіз! Осындай мықты мінез бен текті ұстанымдары арқылы тек бір отбасы мен әулеттің ғана емес, әлеуметтің қамы үшін қызмет етуге тәрбиеледі, өздері үлгі бола білді.

Бүгінде шүкір дейміз! «Орнында бар оңалар» дегендей, қазір ұл-қыздарын қанаттандырып, немере мен шөбере сүйіп отырған әулетіміздің әз-әжесі.

Анашым! Сізге шексіз жақсы тілек пен әдемі жылы сөздерді арнаудан жалықпаймын.

Жалпы қоғамдағы бейбіт тірліктің, мызғымас бірліктің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы да өздеріңіз!

Анаға деген құрмет, барлық ыстық ықыласымыз бен ілтипатымыз тек мереке күндері ғана емес мәңгілік мақсатымыз, тұрақты ұстанымымыз.

Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі сіздерден, әйел-ананың ақ сүті мен ақ ниетінен тарайды.

Асыл жандар!

Мерейлі мереке көңілдеріңізге шырайлы шұғыласы мен шуақты шапағатын шаша бергей!

Дендеріңізге саулық, босағаларыңызға бақ-береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!

Руслан КАЮПОВ,
Облыстық қоғамдық даму
басқармасының басшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!