Дана қазақ «ана сүтін ақтамағанды, ешкім мақтамайды» дейді. Бұл ананың берген тағылымы мен тәрбиесін қадірлеу керек дегенді білдіреді. Себебі оны адал еңбекпен, дұрыс өмір сүрумен ақтау – әр баланың парызы.
Әуелде анадан балаға берілетін сүттің маңызды тағам екенін ұмытпаған жөн. Себебі нәрестені жасанды сүтпен қоректендіретін жас отбасы көп. Дегенмен бар тамырын идіртіп, мейірімінен төгілген ана сүтінің қасиеті мен орны бөлек. Ол нәрестені қоректендіріп қана қоймай, оның денсаулығын қорғап, дұрыс дамуына ықпал ететін таптырмас табиғи өнім. Ғылыми зерттеулер де ана сүтінің бала ағзасына тигізетін оң әсерін жан- жақты дәлелдеді. Оның құрамында сәбидің алғашқы алты айында қажет барлық қоректік зат бар. Мәселен, нәрестенің миы мен жасушаларының дамуы үшін аса қажет ақуыз бен пайдалы майлар, баланың сүйек, бұлшықет және иммундық жүйесін қалыптастыруға қатысатын дәрумендер мен минералдар мен сәбидің ас қорытылуын жеңілдетіп, денсаулығын нығайтуға қатысатын ферменттер бар.
Мамандардың айтуынша, сүт қоспаларында кездеспейтін 400 түрлі қоректік зат ана сүтінде ғана кездеседі. Ему процесінде де баланың бүкіл ағзасы жұмыс істейді. Бастағы қан айналымы жақсарып, жақ сүйектері мен ауыз, ерін бұлшықеттері тез жетіледі. Мұнан бөлек балаға ең керекті А, Е, Д витаминдері көп.
Ана сүтінің үш түрі болады. «Уыз» – бала туған соң алғашқы 2-3 күнде келетін сүт. Ол ең құнарлы сүт. Уыз сүтінің мөлшері мен құрамы жаңа туған нәрестенің қажеттіліктеріне бейімделген. «Өтпелі сүт» – бала туған соң 4-5 күнде келетін сүт. Оның энергетикалық құнарлылығы уыздан төмендеу. Ал босанғаннан кейін 2-3 аптадан бастап келетін сүтті «піскен сүт» деп атайды.
Бала емізудің да ана үшін маңызы зор. Бұл процесс кезінде жүктіліктен кейін салмақ тез қалыпқа келеді, окситоциннің бөлінуіне әсер етеді, ал ол жатырдың тез жиналуына ықпал етсе, баламен байланыс орнату үшін де маңызды. Сондай-ақ лактацияның тезірек қалыптасуына әсер етеді және емізу уақытын 4 айға дейін ұзартады, омырау және аналық без обыры, қант диабеті, артериалды гипертензиямен сырқаттану қаупін азайтады.
Ана сүтін сау бала денсаулығының негізі десек, ұрпақтың бойына ізгі қасиеттер мен мейірім дарыту да ана сүті арқылы берілетін үлкен аманат.
Ғалымжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
ОПО акушері
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!