Фото:https://www.gov.kz/memleket/entities/bko-terekty/press/news/details/497114?lang=kk
Ана тілі − әр халықтың рухани болмысы мен ұлттық құндылықтарының негізі. Қазақ халқы үшін ана тілі − ұлттың жаны, елдіктің айғағы, тәуелсіздіктің басты тіректерінің бірі. «Ана тілің − арың бұл» деген қанатты сөздің астарында туған тілге деген құрмет, оны сақтау мен дамытуға деген үлкен жауапкершілік жатыр.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, қазақ тілі − мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тілдің қоғам өмірінің барлық саласында қолданылуын қамтамасыз ету − мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі. Осы ретте мемлекеттік тілдің сот жүйесінде кеңінен қолданылуы да ерекше маңызға ие.
Бүгінде сот органдарында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сот құжаттарын мемлекеттік тілде рәсімдеу, сот актілерін әзірлеу, азаматтардың өтініштері мен арыздарын қарау барысында мемлекеттік тілдің сауатты қолданылуына ерекше назар аударылады. Сонымен қатар сот қызметкерлерінің тіл мәдениетін арттыру, іс қағаздарын мемлекеттік тілде дұрыс жүргізу мақсатында түрлі оқыту шаралары мен семинарлар ұйымдастырылып келеді.
Мемлекеттік тілдің сот жүйесінде кеңінен қолданылуы азаматтардың сот төрелігіне деген сенімін арттырып қана қоймай, мемлекеттік тілдің қоғамдағы мәртебесін нығайтуға да өз үлесін қосады. Әсіресе мемлекеттік қызметшілер үшін мемлекеттік тілді жетік меңгеру − кәсіби жауапкершіліктің маңызды көрсеткіштерінің бірі. Сот жүйесінде құжат айналымы, сот актілерін әзірлеу, ресми хат алмасу, іс жүргізу құжаттарын рәсімдеу мемлекеттік тілде сауатты әрі талапқа сай жүргізілуі тиіс. Бұл тек заң талаптарын орындау ғана емес, мемлекеттік тілдің беделін көтерудің нақты көрінісі. Сот қызметкерлері мемлекеттік тілдің нормаларын сақтай отырып, құжаттарды дұрыс әрі түсінікті рәсімдеуге ерекше жауапкершілікпен қарауы қажет.
Мемлекеттік тілде сауатты жазылған әрбір құжат − құқықтық мәдениеттің, кәсіби жауапкершіліктің және мемлекеттік тілге деген құрметтің айқын белгісі. Сондықтан сот жүйесінде қызмет атқаратын әрбір маман ана тілінің мәртебесін арттыруға, оны күнделікті қызметінде кеңінен қолдануға үлес қосуы тиіс.
Ана тілі − халықтың рухани тірегі. Сондықтан туған тіліміздің тұғырын биіктету, оны құрметтеу және дамыту − әрбір азаматтың, әсіресе мемлекеттік қызметшілердің абыройлы міндеті. Ана тілін ардақтау − ұлттық құндылықтарды сақтау, ел болашағын нығайту деген сөз. Сол себепті «Ана тілің − арың бұл» деген ұлағатты сөз әрдайым қоғам өмірінде өз мәнін жоғалтпайды.
Н. Кеулімжанова,
Қызылорда қаласы
әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі
мамандандырылған сотының бас маман-сот отырысының хатшысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!