Ресейлік альпинист Наталья Наговицинаның ұлы әлеуметтік желіде билікке жүгініп, анасын құтқаруға көмек сұрады. Ол альпинист анасының әлі тірі екеніне сенімді екенін мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порты Tengri Travel-ге сілтеп.
Ұлының «ВКонтакте» парақшасында жарияланған жазбада былай делінген:
«Мен – Ресейлік альпинист Наталья Игоревна Наговицинаның ұлымын. Көптеген ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, анам 12 тамызда Қырғызстандағы Жеңіс шыңынан (Пик Победы, 7439 м) түсіп келе жатқанда жарақат алған және команда мүшелері оны 7000 метрден жоғары биіктікте жалғыз қалдырып кеткен. Анам — тәжірибелі альпинист, екінші спорттық разряд иесі, денсаулығы мықты, физикалық тұрғыда өте жақсы дайындалған. maga.fpv есімді қолданушы жіберген видеода, байланыс үзілгеннен кейін 7 күн өткенде, анамның қолын бұлғап, күш-қуаты бар екенін анық көруге болады. Мен оның тірі екеніне толық сенімдімін», – деп жазды ол.
Сондай-ақ, ол ауа райының қолайлы жағдайы жақын екі күнде ғана сақталатынын айтып,анасының әлі тірі екенін дәлелдеу үшін биік таулы аумақта әуеден видеотүсірілім ұйымдастыруға көмектесуді сұрады.
Ресейдің Тергеу комитетінің (СК) Telegram-арнасында аталған жағдайға байланысты жаңа мәлімдеме жарияланды.
«Ресейлік альпинист Наталья Наговицинаның ұлының өтінішіне байланысты Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин орталық аппаратқа Ресей Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп әрекет етуге және жағдайдың барлық мән-жайын анықтауға тапсырма берді», – делінген.
БАҚ мәліметі бойынша, 47 жастағы альпинист 12 тамызда аяғын сындырып алған. Оның серіктесі көмекке кеткен. Құтқарушылар отырған тікұшақ ауа райының нашарлығынан апатты жағдайда қонуға мәжбүр болды.
19 тамызда дрон Натальяны соңғы рет тірі күйінде түсірген. Ал 23 тамызда ауа райының нашарлауына байланысты (қар, боран, лавина қаупі) құтқару жұмыстары толық тоқтатылды.
Ал Алматы қаласының төтенше жағдайлар департаменті жастарды тауға шығарда өз мүмкіндігін дұрыс бағалап, әлеуметтік желідегі көрініске алданып қалмауға шақырды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!