Әлеуметтік желіде миллион теңге жалақы, тегін баспана және Еуропадағы жайлы өмір туралы жарнамаға сеніп, сан соғып қалған қазақстандықтардың саны 300-ден асты. Алаяқтар адамдарды Англиядағы жұмысқа апарамыз деп алдап, ақшаларын алған соң байланысқа шықпай қойған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Зардап шеккендердің бірі Гүлнұр Карим фирманың уәделеріне сеніп қалғаны соншалық, ол өзімен бірге екі досын да ертіп алған. Осы үшін оған құжат рәсімдеуде жеңілдік жасап, барлығы 150 мың теңге ақша берген. Алайда өкілдер ақшаны алған бойда байланысқа шықпай қойған.
“Келісімшарт бойынша олар бізді 9 ай ішінде жұмысқа орналастыруға міндеттелді. Олай болмаған жағдайда, ақшаны қайтарып береміз деп уәде еткен. Айлық ең кемі бір миллион теңгеден басталып, екі миллионға дейін жетеді деп сендірді. Осындай шарттармен біз келісімшартқа қол қойдық. Бірақ бір жыл өтті, ақшаны қайтарған жоқ. Ұйымдастырушылар қашып кетіп, компанияның атауын өзгертіп жіберген. Бастапқыда “Жұмыс істе” деп аталатын, кейін “Табыс тап” болды. Кейбірі тіпті басқа атаулармен келісімшарт жасасқан”, – дейді Гүлнұр Карим.
Гүлнұр сияқты алданғандардың саны ел бойынша үш жүзден асады. Алматы, Қарағанды және Ақтөбе тұрғындары бұл туралы екі жыл бұрын айтып, дабыл қаққан. Сол кезде жәбірленушілер полицияға жүгінуге дайын болған, бірақ журналистер араласқаннан кейін компания өкілдері барлық ақшаны қайтарып, енді мұндай жағдай қайталанбайды деп уәде берген.
“Біз оттан да, судан да өттік. Адамдарды Словакияға, Англияға да жібердік. Қазір бізге бір мүмкіндік беріп, бұл матриалды жазбай-ақ қоюларыңызды сұраймын”, – деп жалынды қызметкерлердің бірі.
Бірақ бұдан кейін де алданғандар саны азайған жоқ. Зардап шеккендердің айтуынша, алаяқтар атауында, мекен жайын да , қызметкерлерін де өзгертіп, тағы да жарнама жариялайды. Алматы, Шымкент, Орал, Тараз және Ақтөбе қалаларының тұрғындары өз ақшаларын қайтара алмай әлек.
Мен бұл компанияға 2024 жылы келдім. Кеңсесіне барып сөйлестім, бәрін тексеріп, сенімді болдым. Сол кезде-ақ кей адамдардың шетелге кете алмай жүргенін байқадым. Бірақ ақшаны қайтарып беріп жатқанын көрген соң, сендім. Содан бауырым екеуміз бір миллион теңге төлеп, күттік. Менің тарапымнан жалпы сегіз адам тіркелді. Бірақ тоғыз ай өтсе де, ешқандай жауап болмады”, – дейді алданған Диас Жамбыл.
Осыдан кейін жәбірленушілер полицияға барып, ұжымдық арыз жазған.
“Ұжымдық арыздар Алматының бірнеше полиция бөлімшесіне түскен. Қазір олардың барлығы бір тергеу ісіне біріктірілді. Компанияның атауын он рет өзгертсе де, күдіктілердің бәрі бір адам. Қылмыс объектілері мен субъектілері бізге белгілі. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, бірнеше рет жасалған алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды”, – деп мәлімдеді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Полиция мәліметінше, компанияның негізін қалаған адамның жеке басы анықталды. Қазір оған қатысты бұлтартпау шарасын таңдау мәселесі қарастырылып жатыр.
Дегенмен жәбірленушілердің айтуынша, фирма әлі де жұмысын жалғастырып отыр. Олардың сайтында әлі күнге дейін онлайн кеңес алуға болады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
