«Өмірдің бір қызығы – бала деген», – деп айтып кеткен Абай тәмсілі бүгінгі заманның өзекті мәселесін көрсетіп отыр. Бір шаңырақ астына бас қосып, өз алдына бөлек отау құрған екі жастың ендігі арманы – бала сүю, артына ұрпақ қалдыру екені анық. Одан бөлек, қазақи салт жас отбасының тезірек сәбилі болғанын күтеді. Елімізде жас сәбидің былдырлаған үні мен сыңғырлаған күлкісін зарыға аңсап жүрген қаншама отбасы бар. Статистикалық мәліметке сүйенсек, Қазақстандағы әрбір алтыншы жұп сәби сүйе алмайды екен. Сәйкесінше, еліміздегі ажырасулардың бірден-бір себебі де осы бала сүйе алмау мәселесі болып отыр.
Бүгінде қоғам дертіне айналған өзекті мәселені шешу мақсатында құрылған 20-дан астам экстракорпоралды ұрықтандыру орталықтары жұмыс істейді. Олардың басым көпшілігі жекеменшік мекемелер. Халыққа қолжетімді екінші мүмкіндік беру мақсатында былтыр, яғни 2021 жылы Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен «Аңсаған сәби» атты ЭКО бағдарлама іске қосылды. Бағдарлама бөлген квота саны осыған дейін өзге экстракорпоралды ұрықтандыру орталықтары бөліп жүрген квота санымен салыстырғанда 7 есеге дейін өсті. Яғни, осыған дейін жылына мыңнан астам әйел тегін квотаға ие болып келсе, бағдарлама бойынша жылына 7 мың отбасы ЭКО квота арқылы бала сүю мүмкіндігіне ие бола алады. Іске қосылғанына көп уақыт өтпесе де жаңа бағдарламаның жемісті көрсеткіштері көп күттірген жоқ. Бөлінген әрбір квота текке кетпеді. Мәселен, өткен еліміздің солтүстік өңіріне бөлінген 217 квотаны иеленген әйелдердің ішінде 110 әйел оң нәтижеге қол жеткізді. Биылғы жылдың өзінде бұл өңірде аталған бағдарлама квотасы арқылы 40-тан астам сәби дүниеге келген. «Аңсаған сәби» бағдарламасының ЭКО квотасына кез келген бала сүйе алмай жүрген заңды және азаматтық некедегі жұптар мен жалғызбасты әйелдер өтініш білдіре алады.
Әрбір ата-ана өміріне мән кіргізер сәби сүюге құқылы. Денсаулық жағдайына байланысты бала сүйе алмайтын жұптар үшін «Аңсаған сәби» бағдарламасы таптырмас әрі қолжетімді мүмкіндік.
Інжу ЖАҚСЫЛЫҚ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!