Ақпарат басымдыққа ие заманда әр мемлекет өзіндік мәдениеті мен тарихын сериал, фильм, мультфильмдер арқылы әлемге таныстырады. Солардың ішінде қазір жастың да, үлкеннің де көңілінен шыққан аниме жанры танымалдыққа ие болған. Өзіндік стилімен ерекшеленетін жапондық туындының тарихы да ерекше.

Алдымен, «аниме» сөзінің түптамырына тоқталсақ. Ол ағылшынның «animation» сөзінен шыққан. Жапон тіліндегі атауы ұзақ болғандықтан, «аниме» деп қысқартқан. Алайда дәл осы термин аясында келіспеушілік бар. Себебі халықаралық тілдердің лексикалық сөздігіне енген түбірдің тегіне француздар да таласады. Ақырында, жапондардың тіл мамандары «аниме» сөзі кез келген аниме жанрында түсірілген сюжетке берілетін атау деп ортақ келісімге келді.

Ең алғашқы ескі әрі сақталып қалған түрі «Katsudo Shashin» деп аталатын 3 секундқа ғана созылған аниме. Тек 1917 жылы анименің алғашқы жеңісі 2 минуттық «Namakura-gatana» деп аталатын самурайдың қылышы туралы сюжет болды. 1933 жылы тұңғыш рет анименің дыбыстық жүйесі іске қосылды. Уақыт өте келе «аниме» тек көңіл көтеруге арналған анимациялық кейіпкерлердің желісі емес, мемлекеттік деңгейдегі құралға айналды. Себебі аниме арқылы жапондар өз елінің тарихын, жеңісті күндерін көптеп көрсетуге мүмкіндік алды.

1937 жылы Уолт Дисней өзінің алғашқы толықметражды «Ақшақар және жеті ергежейлі» түрлі-түсті мультфильмін көрерменге ұсынды. Ал Жапониядағы алғашқы толықметражды аниме тек 1958 жылы пайда болды. Режиссер Тайджи Ябуситаның «Ақ жылан туралы аңыз» туындысы көпшілік үшін жаңалық еді. Бірақ бәрі 1963 жылы Осаму Тезукидің зұлымдықпен күресетін робот бала туралы түсірілген «Құдіретті атом» анимациялық сериясының шығуымен өзгерді. Өйткені сериал өте танымал болды, әлем бойынша түпнұсқаның шамамен 100 миллион данасы сатылды. Ол ағылшын тіліне аударылып, АҚШ, Аустралия, Канада және Азия елдерінде таратылды. Жапон мәдениеті туралы кітаптардың американдық авторы Фредерик Шодттың айтуынша, «Құдіретті атом» осы елдің ұлттық рәміздерінің біріне айналды.

Аниме сүйер көрерменнің ең бірінші байқайтыны – кейіпкерлердің үлкен көздері. «Үлкен көздер» негізінен символизм себептерімен салынады. Олар көбіне кейіпкердің достығын, аңғалдығын, жастығын, эмоционалдылығы мен әлемге ашықтығын айқын көрсетеді.

Аниме серияларының тағы бір ерекшелігі – түрлі-түсті шаштар. Жапондықтардың өзінде тек қара және қоңыр шаштар кездеседі. Бірақ кейіпкерлерінің шаштары әртүрлі түсте болады. Әдетте шаштың түсі кейіпкердің мінезін көрсетеді. Мысалы, ақ түс – құпия, жұмбақ кейіпкерлерге арналған болса, қара – байсалды, қатал, батыл, ал қызыл ашуланшақ, гиперактивті білдіреді. Көк түс жайбарақат, қайғылы көңіл-күйді көрсетсе, сары – мейірімді, көңілді, құбылмалы, ал қызғылт – нәзік, аңғал, жұмсақ жандарды бейнелейді. Анимедегі шаш пен денені салу стилін жапондықтар ойлап тапқан, ал көзді салу стилі Диснейден көшірілген. Оны жапондықтар жасырмайды да.

Аниме сюжеті әркез «Дисней» немесе «Союзмульфильмнен» ерекшеленіп отырды. Сол себепті бұл жанр аясында түрлі даулар кездеседі. Мәселен, 2021 жылдың қаңтарында Санкт- Петербургтің Колпин аудандық соты Ресейде танымал болған «Өлім дәптері», «Эльф әні» сынды анимелерді таратуға тыйым салды. Өйткені бұл анимациялық серияларда балалардың психикасына зиян келтіретін көріністер бар екені айтылған.

Анимеде «қанды төбелес» көріністері жиі кездеседі. Кейіпкерлердің шектен тыс агрессиясы да көбірек орын алады. Бұл тұста психологтар аниме жастар арасында «қатыгездік – қалыпты дүние» деген тұжырым қалыптастырады деп қорқады. Балалар өлімнің не екенін түсінбейді, оны қорқынышсыз көреді және оған байыпты қарамайды. Онымен қоса кейбір мамандардың пікірінше, анимеде салауатты отбасылық қарым-қатынасты көрсететін сюжеттер тым аз. Көп жағдайда басты кейіпкердің ата-анасы жоқ немесе олардың ара-қатынасы дұрыс емес.

Анименің тағы бір дау тудыратын тұсы жақсылық пен жамандық анық ажыратыла бермейді. Мысалы, «Өлім дәптерінде» дәптерін жоғалтып алған жын зұлым ба? Әлде сол дәптерді адамдарды өлтіру үшін қолданған жігіт қатігез бе? Балалар бұл туындыны тамашалаған соң қандай қорытынды жасайды? Өкінішке қарай, бұл сұрақтарға жауап жоқ.

Осы тұста елімізде аниме дыбыстап жүрген жас дубляж актрисасы Маржан Мысырқызы: «Анименің пайдасы да, зияны да бар. Бірақ зиянынан пайдасы көп дер едім. Қызығы мен пайдасы тек әдемі салынған суретінде емес, кейіпкерлердің бірегейлігінде, адами қасиеттерінде, өмірлік ұстанымдарында. Әлемдегі өзекті мәселелелерді көтерген анимелер өте көп. Мәселен, Гибли студиясының анимелері де мағынаға, мәдениетке толы. Жапон елінің әлемді тануына, ғаламды анимациялық тұрғыдан көрсетуіне келгенде байқайтын ерекшеліктері де өте қызық», – деп пікір білдірді.

Қорыта айтқанда, анименің зияны мен пайдасы қатар жүретінін білгеніміз дұрыс. Әр ата-ана өз баласының не көріп, не тыңдап жүргенінен хабардар болатын болса, сауатты қоғам құрастырып, болашағы жарқын ұрпақ тәрбиелей аламыз.

Айғаным ҚОҢЫРБАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!