Тоқты
Белсенді болыңыз. Бұл аптада алға қойған мақсатқа жетуге жұлдыздар септеседі. Бойыңызда тың күш пайда болады. Ал егер жазғы демалысты тиімді пайдаланғыңыз келсе, аздап босаңсып, еркінсуге рұқсат. Мұндай жағдайда бар уақытыңызды жеке өмірге, отбасына арнаңыз.
Торпақ
Сіз үшін ең жайлы апта болғалы тұр. Түйсігіңізді көбірек тыңдаңыз. Ол сізге кімнің дос, кімнің дұшпан екенін айқындап береді. Қосымша табыс табу үшін барыңызды салыңыз. Кәсіби біліктілігіңізді арттыру жолында еңбектеніңіз. Алыс жерден қуанышты хабар жетуі мүмкін.
Егіздер
Жанын салып, асқан қызығушылықпен жұмыс істеуге әдеттенгендер үшін сәтті апта. Жетістік пен мол табысқа кенелу мүмкіндігі жоғары. Басталған істі соңына жеткізуге және ұзақ мерзімді жоспар құруға қолайлы күндер. Көптеген жағымды таныстықтар мен қызықты шаралар күтіп тұр.
Шаян
Сәтсіздіктер кезеңі артта қалды. Қай істі қолға алсаңыз да, сәттілікпен қуантады. Бойыңызды шығармашылық энергиясы кернейді. Дәл осы сәтті тиімді пайдаланып, шығармашылықпен айналысыңыз. Жаңа нәрсені үйреніп, таным көкжиегіңізді кеңейтіп не жаңа қырыңызды ашуға талпыныңыз. Сүйіктіңіздің ерекше ықыласы мен қамқорлығына бөленесіз.
Арыстан
Айналаңызда тыныштық орнатыңыз. Себебі бұл аптада сізге жұмсалған қуаттың орнын толтыру қажет. Мүмкін болса, мойныңызға көп міндет алмаңыз. Біреумен ренжіссеңіз, татуласуға алғашқы қадамды өзіңіз жасаңыз.
Бикеш
Ойға алған шаруалар мен мақсаттарды жүзеге асыруға батыл кірісіңіз. Бұл жолда әріптестерден көмек сұрап, қол ұшын созғандарды кері итермеңіз. Өсек-аяңға мән бермеңіз, ол сізге жеткенге дейін мың құбылған болуы әбден мүмкін. Салдарынан қате қадам жасасаңыз, зардабы өзіңізге тиеді.
Таразы
Бірнеше істі мойынға қатар іліп алмаңыз. Өзіңіз үшін ең маңызды сын анықтап, соныменғана жұмыс істеңіз. Қызметтегі белсенділік — бұл мақтауға тұрарлық, әрине. Әйткенмен, денсаулық маңыздырақ. Сондықтан, шаруаларды аздап кідіртіп, денсаулығыңызға мән беріңіз. Жаңа жоспарлар құрамын деп, бұрынғы аяқсыз қалғандарды естен шығармаңыз.
Сарышаян
Бұл аптада табиғат аясында сейіл құрып, сапарға шықсаңыз, сәттілікке кезігесіз. Шығыны да аз болады. Қосымша табыс түскелі тұр. Қолыңызға тисе, өзіңіз бен жақындарыңызды қуантуға жұмсаңыз. Бұл сізге позитив пен жағымды энергия береді, адамдармен қарым-қатынасыңыздың жақсаруына септігін тигізеді.
Мерген
Бұрыннан келе жатқан шиеленіскен мәселенің бір ұшы қолыңызға ілігеді. Сәтін жіберіп алмаңыз. Содан «тартып» қалсаңыз, көптеген түйінді тарқатасыз. Аптада кез келген жағдайда барынша сабырлық сақтауға тырысыңыз. Сізді арандатқысы келген, сол арқылы абыройыңызға нұқсан келтіруді қалайтындардың құрығына ілінбеңіз.
Тауешкі
Парасаттылық күнделікті тұрмыста көп көмектеседі. Сіз адамдармен жылдам тіл табысасыз. Маңызды шешім қабылдауда жүректің емес, ақылдың көмегіне жүгінетініңіз содан. Отбасылық өмірде аздаған қиындықтар туындайды.
Суқұйғыш
Пайдасы тиетін ықпалды таныстармен қарым-қатынасыңызды жақсартыңыз. Сонда мансап баспалдағымен көтерілу мүмкіндігі туады. Әріптестер арасындағы абыройыңызға да жақсы әсерін тигізеді. Өзіңізге сенімді болсаңыз, осы аптада біршама биікті бағындырасыз.
Балықтар
Дәл қазір сізге ең керегі – бойыңызды босаңсытып, тынығу. Жеке өмірде орын алатын кез келген тосынсыйға іштей дайын жүріңіз. Ойыңызда көптеген жақсы идеялар туындайды. Жалқаулықтан арылып, идеяларыңызды жүзеге асыруға талпынсаңыз, табыс пен нәтижеге жетесіз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!