Қармақшы ауданына іссапары аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Ақай ауылдық округі мен Төретам кенті тұрғындарымен кездесіп, көкейде жүрген сауалдарын тыңдады.
Басқосуда аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов Ақай ауылдық округі мен Төретам кентіндегі түйінді мәселелер мен алда атқарылар мәселелерді тізбектеді. Атап айтқанда, кәсіпкерлік саласында перспективалы жобаларды гранттық қаржыландыруға ұсыну, жол жөндеу және абаттандыру жұмыстардың барысын баяндады. Сондай-ақ, Төретам кентіндегі денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы, стритбол және жаттығу алаңы салынып, пайдалануға берілгенін жеткізді.
Аймақ басшысы елді-мекен тұрғындары үшін аса маңызды газдандыру мәселесіне қатысты ауыл халқын ақжолтай жаңалықпен қуантты.
Елді-мекендерді аралау арқылы халықтың ұсыныс-пікірлері негізінде әлеуметтік мәселелерді саралап келемін. Ақай, Төретам кентінде де, Байқоңыр қаласында көптеген жұмыстар іске асты. Жаңа 1200 орындық мектеп салынды, жаңа аурухана салынды. Байқоңыр қаласының су жүйелерін жаңартуға 12 млрд.теңгеге жоба жасадық. Көпқабатты тұрғын үйлер де салынуда. Бүгін бірқатар нысандарды аралап, жұмыс барысын бағамдап қайттық.
Сіздердің көкейде жүрген сұрақтардың бірі газдандыру екенін білемін. Сала мамандарының табанды еңбегі мен Сенаторлардың қолдауы негізінде Төретам және Ақай елді мекеніне газ тарту жұмыстарын бастауға қажетті қаражатты бөлінді. Қазіргі таңда конкурс жүргізілуде. Жеңімпаздар анықталғаннан кейін көп ұзамай жұмыс басталмақ,-деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Жиын соңында ардагерлер Жақсылық Қыпшақбайұлы, Смағұл Аралбаев көкейде жүрген сауалдарын қойып, өзекті ұсыныстарын ортаға салды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!