Фото: pixabay.com 

Астана маңындағы Жібек Жолы ауылында өзіне қол жұмсаған 9-сынып оқушысының туыстары қыздың соңғы уақытта онлайн ойынға әуес болғанын айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТКарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Полицияға жасөспірімнің суицид жасағаны туралы оның туыстары хабар берген. Олар қыздың денесін гараждан тапқан.

“Естуімізше, қыздың онлайн ойын ойнағаны белгілі болды. Қыздың өзінде телефон да болмаған. Бірақ ол үйде ноутбукпен соңғы бірнеше онлайн ойын ойнаған. Әрине, бұл туралы ата-анасы білмеген. Олар қызы өз бөлмесінде үй тапсырмасын орындап жүр деп ойлаған”, – дейді Бижамал Кожахметова.

Қазір құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Полиция тергеу туыстарының суицид туралы арызы бойынша жүргізіліп жатқанын айтады.

Мектеп мұғалімдерінің айтуынша, оқушы қыздың оқу үлгерімі жақсы болатын. Өзі де жайдары, белсенді қыз дейді ұстаздары. Елімізде суицид жиі болып жатқандықтан жасөспірім оқитын мектепте ата-аналар жиналысы болып, суицидке итермелейтін интернет ойындарының қаупі туралы ескертілген.

Алайда мектеп әкімшілігі полицияның тергеуді енді ғана бастағанын алға тартып, қайғылы оқиғаға пікір білдіруден бас тартты. 

Болған жағдайдан кейін және ата-аналар жиналысынан соң Жібек Жолы ауылының тұрғындары балаларының телефондарын мұқият тексеретін болған. Алайда олардың ешбірі телефоннан қауіпті әрі күдікті ойындар таппаған. Десе де полиция балалар арасындағы жаппай суицидке онлайн ойындардың қатысы барын растаған жоқ. 

Бұған дейін Астана маңындағы ауылда 9-сынып оқушысының өзіне қол жұмсағаны туралы жазған едік.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!