Бұқаралық ақпарат құралдары – маңызға ие ұғымның бірі. Халық арасына «төртінші билік» деген атпен таныс бұл сөздің сұсы да, мысы да басым келеді. Белгілі журналист Бауыржан Омарұлы «Дүниежүзінің бірде-бір елінің заңнамасында дәл осындай ресми ұғым болмаса да, сөз бостандығы қалыптасқан мемлекеттердегі бұқаралық ақпарат құралдарының күш-қуаты айрықша бағаланады» деп жазады. Академиктің айтарына алып-қосарымыз жоқ. Жалпы бұқаралық ақпарат құралдары – қиындығы мен қызығы қатар жүретін, көп ізденісті талап ететін сала. Сондықтан да ол әрқашан жаңарып, жасарып отырады. Журналистика баспасөзде жылт еткен жаңалықтарды жазумен ғана шектелмейді. Ауқымы – кең, қызметі – күрделі. Қазіргі қоғамда БАҚ көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Бүгінде ақпарат көзі жаңа технологиялар арқылы адамдарға қызмет етеді. Оған бүгінде өзіміз қолданып жүрген ғаламтор жүйесі және де әлеуметтік желілер куә. Ақпарат заманының талабы мен тартуы көп.

Менің ойымша, журналистика – ең таңдаулы әрі ең қызықты мамандық. Бұл мамандыққа келген жан кәсібіне адалдық танытып, әділдікті жақтауы тиіс. Қоғамда болып жатқан жағымды-жағымсыз оқиғаларды саралай алуы тиіс. Тың ақпаратты халыққа жеткізер кезде дерек пен дәйек толық қамтылуы шарт.

Кез келген адам өзіне ұнайтын маман иесі болудан жаңылмағаны абзал. Себебі мамандық таңдау – болашақтың баспалдағы. Менің таңдаған мамандығым – журналистика. Бала кезімнен журналист боламын деген арманмен келе жатырмын. Алдағы уақытта осы мамандықтың қыр-сырын бүге-шүгесіне дейін толық меңгерсем деген мақсатым бар. Сол арқылы өз ісімнің үздігіне де, шеберіне де айналғым келеді. «БАҚ – халық пен билікті байланыстыратын көпір» дейді. Осылайша, билік пен қоғам арасындағы дәнекер болсам деймін. Осы жолда талмай, тынбай оқуға, ізденуге күш жұмсауым керек.

Шынын айтқанда, болашақ журналист көп оқуы, ізденуі керек. Мен мұны әркез жадымда ұстаймын. Сонда ғана жас маман әділдіктің ақ туын кірлетпейді, шындық арқылы қоғамның бүгінгі бет-бейнесін боямасыз, дәлме-дәл жеткізеді. Әр адам өз өмірін өзі жасайды. Журналиске әрқашан дәлдік, қағілездік сынды қасиеттер керек. Бұл біздің ұстанатын қағидамыз, жолбасшымыз болады, адамды адастырмайтын темірқазыққа айналады.

Қорыта айтқанда, журналистика сан түрлі мамандықтың бастауы секілді. Бұл сала адамды әмбебаптыққа үйретеді, баулиды, шыңдайды. Ендеше, мен де өз саламның майталманы болуға жорығымды бастаймын.

Ерсұлтан КЕНЖЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!