Фото: видеодан алынған кадр

Ақтауда 19-шағынаудандағы № 12 жер телімінде орналасқан «Crystal City» тұрғын үй кешені сүрілді, деп хабарлайды Kazinform қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.

Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы жоспардан тыс тексеру жүргізді.

Нәтижесінде құрылыс салушы «Берекет-Ф» ЖШС тиісті рұқсат құжаттарынсыз, жобалау-сметалық құжаттамасы бекітілмеген.

Яғни Қазақстандағы сәулет қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңының 68-бабына сәйкес құрылыс процесіне қойылатын негізгі талаптарын сақтамай, ғимарат салып жатқаны белгілі болды.

Маңғыстау облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары Алғадай Қоштаевтың айтуынша, аталған мердігер мекемеге былтыр 15 қарашада құрылыс-монтаждау жұмысын тоқтату жөнінде нұсқама берілген.

Алайда құрылыс компаниясы оны елемеді.

«Ақтауда қажетті рұқсат құжатынсыз жүргізілген заңсыз нысандар құрылысына тосқауыл қою мақсатында нақты шаралар іске асып жатыр. Көп талап арыздар заңсыз құрылысты тоқтату мақсатында сотқа жіберілді. Осы объектінің сот шешімі заңды күшіне енді. Бүгін сот шешімінің атқару парағы орындалып жатыр. Сондай-ақ қолданыстағы заңнамаға сәйкес басқа да объектілерді мәжбүрлеп бұзу шаралары қабылданады», — деді Алғадай Қоштаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!