Фото: astanatv.kz

KAZ.NUR.KZ. Ақтөбеде құрылыс компаниясы қаланың қақ ортасындағы 30 шақты қылқан жапырақты теректі бір түнде түбірімен шауып тастаған. Тұрғындар күн сайын саясын көлеңкелеп, немерелерін ойнатып жүрген алаңқайдың бір мезетте жоқ болғанына наразы. Әкімдік бұл жер жеке меншікке берілгенін айтады, деп хабарлайды Астана телеарнасы.

Телеарна мәліметінше, бұл жерде жайқалып, шырша, қарағай өсіп тұрған. Қалаға сән беріп жайқалған теректерді жақын маңда тұратын тұрғындар көлеңкелеп, саясында серуендеген.

Бір түнде құрылыс компаниясы отыз шақты қылқан жапырақты теректі отап тастапты.

«Мына жерде шырша, қарағай сынды әдемі жақсы талдар болды. Сұмдық жағдай басшылық, әкімдік қайда қарап отыр. Таңертең келсек, дым да жоқ. Мына жердің барлығын қопарып тастаған», – дейді қала тұрғыны Айгүл Шырымбаева.

Тұрғындардың сөзінше, бұл жерде құрылыс басталмақ. Олар аллеямызды рұқсатсыз бұзды деп шағымданды.

Жауаптылар бұл жердің 2013 жылы жеке меншікке берілгенін айтады. Биыл сәуір айында кәсіпкер әкімдіктен құрылысқа рұқсат алған екен.

«Ол жер – жеке меншіктікі. Ол жерге меншік иесі сауда алаңын салуды жоспарлаған. Бірақ біз рұқсат берген кезде қоғамдық тыңдау өткізу деген талап қойдық. Бірақ жердің иесі қоғамдық тыңдау өткізбеген. Сонымен қатар Ақтөбе сәулет және құрылыс бөлімі сол құрылыс компаниясын ағаш кескені үшін сотқа береді», – деді қала әкімінің орынбасары Сұлтан Аманшин. Тілші хабарлуынша, енді құрылыс компаниясы әрбір кесілген тал үшін он ағаш егуге тиіс. Ал оның қай аймақта егілетінін әкімдік анықтайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!