Қазақстанда цифрлық даму жолындағы тағы бір маңызды қадам жасалды. Өткен аптада Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Жасанды интеллект туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобасы елімізде қарқынды дамып келе жатқан ЖИ саласын құқықтық тұрғыда реттеуді көздейді. Жобаны дайындауға Мәжіліс депутаттары, оның ішінде жұмыс тобының жетекшісі Екатерина Смышляева белсенді атсалысты.
Оның айтуынша, заң жобасын әзірлеу Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы аясында жүзеге асқан. Ол өз баяндамасында ЖИ-дың дамуы тек мүмкіндік ашып қана қоймай, сонымен қатар айтарлықтай тәуекелдерге де жол ашатынын атап өтті.
– Жасанды интеллектінің дамуы үлкен мүмкіндіктермен де, елеулі тәуекелдермен де жүреді. Осы салада құқықтық реттеудің болмауы басты мәселенің бірі болып қала береді, – деді депутат.
Заң жобасы 7 тарау, 28 баптан тұрады. Құжатта ЖИ технологиясын қолданудың тәртібі, пайдаланушы мен әзірлеушінің құқықтары, міндеттер белгіленген. Ал негізгі бағыттарының бірі – ұлттық жасанды интеллект платформасын құру. Бұл өз кезегінде отандық цифрлық экожүйенің дамуына серпін бермек.
– Платформа жасанды интеллект модельдерін оқыту үшін дерек кітапханаларына әзірлеушілердің қол жетімділігін қалыптастырып, қамтамасыз етеді. Сондай-ақ салаға қатысушылардың құқықтары мен міндеттері нақтыланады. Жасанды интеллект жүйе иелері өз жүйелерін пайдалану шарттарын белгілей алады, өз құқықтарын қорғай алады және тәуекелдерді басқара алады, – деді Екатерина Смышляева.
Мұнан бөлек, авторлық құқық тақырыбы көтерілген еді. Бұл жөнінде депутат Жанарбек Әшімжанов пікір білдірді.
– Қазір мен осында отырып, чат- GPT-ға «Ерлан Сайыров туралы өлең жазып бер. Ол депутат, саясаткер, Шығыс Қазақстанның тумасы, олигархтармен аяусыз күресіп жатыр» деп тапсырыс бердім. «Сатылмас сөзге, ұранға депутат болып тік айтты. Олигархтарды жығып қайтты, қарапайымның үні болып, әділдік үшін майдан ашты» деп жазып берді. Қазір әлеуметтік желіде де мұндай қаптап жатыр. ЖИ-дың туындыларға ешқандай авторлық құқығы жоқ. Енді технологиялық тұрғыдан, коммуникациялық инфрақұрылым тұрғысында, әрине, қажет. Ал енді кейін ақын, жазушы, драматургтер қаптамай ма?, – дейді депутат.
Ал Мәжіліс отырысынан кейін депутат Үнзила Шапақ:
– Ал енді толыққанды ЖИ жасап, азамат оны өзінің атынан жариялау ол заңды болып табылмайды. Осыған байланысты тәуекелдердің, пайдаланулардың пайыздық, өлшемдік критерийлері болады, – деп пікір білдірді.
Қауіпсіздік мәселесі де заң жобасында басты назарда тұр. Ондағы тәуекелдер төрт санатқа жіктелген. Қауіптілігі жоғары жүйелер маңызды ақпараттық және коммуникациялық инфрақұрылым ретінде жіктеледі. Сондай-ақ көмекшілерге, жартылай автономды жүйелерге және толық автономды алгоритмдерге бөледі. Ал толық автономды жүйелердің Қазақстан аумағында қолдануға рұқсат берілмейді, яғнитыйым салынады.
Заң жобасын талқылау қорытындысында Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бұл құжаттың аса өзекті әрі дер кезінде әзірленгенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне басымдық беріп отыр. Таяуда өткен Ұлттық құрылтай отырысында еліміз үшін осы саланы дамытудың маңыздылығын тағы да атап өткені бекер емес. Бүгінде жасанды интеллект өнімдерін қолдану қарқынды дамып жатқанына қарамастан, тек санаулы елдер ғана оның толыққанды дамуына құқықтық негіз жасай алды. Бұл ретте біздің депутаттарымыз халықаралық үздік тәжірибелерді ескере отырып, осы заң жобасын әзірледі, – деді Мәжіліс Спикері.
Алдағы уақытта құжаттың әрбір тармағы мұқият сараланып, жетілдіріледі. Расымен жасанды интеллект өндірістен бастап, медицина, білім, көлік, қаржы салаларына дейінгі барлық бағыттарда қолданылып жатыр. Дегенмен бұл үдеріс белгілі бір заңнамалық реттеуді талап етеді.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!