Фото: ашық дереккөз

Бас прокуратура Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға қайтару жұмыстары туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бойжеткен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын Қытай түрмесінде өтеп жатыр. Ол есірткі контрабандасымен айналысты деген айыппен қамауға алынған болатын. 

«Қытайда сотталған Ақжарқын Тұрлыбайдың өтініші негізінде қытай тарапына оны Қазақстанға ауыстыру туралы сұрау салынды. Қытайдың әділет министрлігінің жауабына сәйкес, Ақжарқын Тұрлыбайды жазасын одан әрі өтеу үшін Қазақстанға беруден бас тартылды, себебі оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілген. Қазіргі уақытта Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанда ауыстыру бойынша жұмыс жалғасып жатыр», – деп хабарлады бас прокуратураның халықаралық-құқықтық ынтымақтастық қызметі.

Сондай-ақ, ведомствода Тұрлыбай ісіне қатысы бар Нигерия азаматын да ауыстыру ісі бойынша жауап берілді. Атап айтқанда, бұл адам қызды сәнді киімдер тасу үшін Қытайға баруға көндіргені туралы ақпарат болды.

«Адинду Нонсо Фортунаға қатысты Нигерияда оның орналасқан жерін анықтау туралы ақпарат алуға байланысты осы елдің құзыретті органдарына оны беру туралы сұрау жіберілгенін хабарлаймыз, алайда ол осы уақытқа дейін қаралмаған», – деп хабарлады бас прокуратура өкілдері. 

Бұған дейін бас прокуратура Адинду Нонсо Фортунға қатысты қылмыстық істі Алматы қалалық ішкі істер департаменті қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігінің 1, 3-тармақтары бойынша «Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, алдын ала сөз байласу бойынша, аса ірі мөлшерде адамдар тобымен өткізу, сату мақсатында заңсыз алу, сақтау, тасымалдау» бойынша қылмыстық іс қозғалып жатқанын» түсіндірген болатын. 

2014 жылы қазақ студенті Ақжарқын Тұрлыбай Алматыдан Қытайға аттанды. Оның айтуынша, таныстары, оның ішінде жоғарыда аталған Нигерия азаматы оған Гуанчжоудан Малайзияға фирмалық заттар тасымалдаумен айналысатын жұмыс ұсынған. Бойжеткен Гуанчжоудан кетіп бара жатқанда ұсталды. Оның сөмкесінен есірткі табылған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!