Арал аудандық сотының төрағасы К.Садуақасова ZOOM бағдарламасы арқылы онлайн режимде, 2020 жылдың 12 айында сот төрелігін жүзеге асыруда атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді. Шараға жергілікті «Толқын», «Арал әлемі» газеттерінің тілшілері қатысты.

Баспасөз мәслихатында К.Садуақасова 2020 жылдың 12 айында аудандық сотпен атқарылған жұмыстар туралы баяндап, есепті кезеңде 62 қылмыстық іс, 676 азаматтық іс және 898 әкімшілік іс қаралғанын, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл қаралған істердің саны азайғанын, оның басты себебі, сотта және сотқа дейін тараптардың татуласу құқығын қамтамасыз ететін медиацияның әсері екенін жеткізді.

Қылмыстық істер бойынша қаралған істердің басым көпшілігі орташа ауырлықтағы қылмыстар және қылмыстық теріс қылықтар болып табылатынын, нақтырақ айтқанда ұрлық, есірткі заттармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу қылмыстары, көлік құралын басқару құқығынан айырылған, алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, ал азаматтық істер бойынша қаралған талап арыздардың басым көпшілігін некені бұзу, заңдық маңызы бар фактіні анықтау, алимент өндіру туралы, келісім-шарт қатынастарынан туындайтын даулар құрайтынын айтып өтті.

Есепті кезеңде медиация тәртібімен 8 қылмыстық іс, 85 азаматтық іс және 41 әкімшілік іс өндірістен тоқтатылса, 2 азаматтық істің партисипативтік рәсім тәртібімен, 31 азаматтық істің татуласу келісімдерін жасасумен аяқталғанын тілге тиек етті.

Сонымен қатар, сот төрағасы құқық қолдану тәжірибесіндегі соңғы жаңашылдықтарға тоқталып, мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейтін жаңа Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің ережелері жайында да айтып өтті.

Шара соңында К.Садуақасова журналистердің қойған сауалдарына жауап беріп, баспасөз мәслихатына қатысқандары үшін оларға алғысын білдірді.

Арал аудандық сотының баспасөз қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!