Елдің өсіп өркендеуіне елеулі үлес қосқан, халықтың әл-ауқатын арттыруға атсалысқан, өзі еңбек еткен салада белгілі биікке шыққан тұлғаларды елтұтқа деп құрметтеп жатамыз. Солардың қатарында ұлағатты ұстаз, отставкадағы милиция подполковнигі Нұрбаев Досмайыл Қошқарбайұлының атының да аталуы бекер емес. Оны ғибратты ғұмыр иесіне деген елдің берген бағасы деуге болатын шығар, сірә.

Иә, бүгінгі мақаламыз сонау 1950-80 жылдары кеңес партия, милиция, прокуратура, сот органдары қызметкерлері арасында білімділігімен, біліктілігімен, талапшылдығымен, әділ болуымен ерекше белгілі болған ағамыз жайлы болмақ.

Досмайыл ағамыздың бейбіт күні жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталғанын көпшілік білмейді. Тек бұрыңғы милицияда қызмет істеген санаулы ағаларымыз ғана біледі. «Қызыл Жұлдыз» ордені 1930 жылдың 6 сәуірдегі КСРО Орталық Атқару Комитеті Президиумының қаулысымен бекітілген. Басында кеңестік әскери қызметшілеріне Ұлы Отан Соғысындағы көрсеткен жанқиярлық ерліктері үшін және ауыр жарақат пен ауыр контузия алған әскери қызметшілер марапатталды. Кейінен 1944 жылғы 4 маусымынан бастап бұл орденмен ішкі істер және мемлекет қауіпсіздігі органдары қызметкерлері марапаттала бастап, кейін бұл шешім награда мәртебесіне қатты әсер еткендіктен, 1957 жылғы 14 қыркүйекте шешім күшін жояды. Соғыс біткеннен кейін орден жергілікті әскери қақтығыстар мен Ауғанстанда интернационалдық парызын орындау барысында, сонымен қатар ерекше жағдайларда қызметтік борышы мен қызметтік міндеттерін атқару барысында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген күштік құрылым өкілдеріне беріле бастайды(Википедия-ашық энциклопедия).

Мінекей кеңес заманындағы осындай атақты жауынгерлік орденмен  мараптталған азаматтардың қатарында қарапайым отбасынан шыққан милиция подполковнигі Д.Нұрбаев ағамыз да бар. Ол 1928 жылы Қызылорда облысының Сырдария ауданындағы төртінші ауылда дүниеге келген.Өзінің  еңбек жолын 1947 жылы Өзбекстан Республикасының Термез қаласының педагогикалық техникумын бітіргеннен кейін әуелі Сурхандария облысының Ұзын аудандық комсомол комитетінде ұйымдастыру бөлімінің менгерушісі қызметінде болып, аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен 1951 жылы Ташкент каласындағы офицерлер мектебін аяқтады. Туған елге, жерге деген сүйіспеншілік, сағыныш адамды алға жетелеп отыратындығы белгілі ғой. Дана халқымыз: «Әркімнің туған жері –Мысыр шаһары» – деп бекер айтпаған болар, жас лейтенанттың туған жерге, елге, онда тұрып жатырған ағайын-бауыр, туыс-достарына, атамекеніне  деген сағынышы артып, қайтсе де елге қызметін ауыстыруды ойлайды.Бірақ, оның қызметін елгеауыстыру туралы жазған баянаттары Қазақ ССР ішкі істер министрлігі басшылары тарапынан бірден қолдау таба қоймады.Тек өзінің, жақындарының әртүрлі жоғары лауазымды тұлғаларға бірнеше рет жазған арыздарының арқасында ол 1953 жылы күні жаймашуақ, «нанды қала- Ташкентты сол уақытта Қазақстанда құрылып жатырған далалық түрме-лагерлер орталығы саналған «КарЛАГ» жүйесі атымен бүкіл кеңестер одағына әйгілі болған ызғарлы, қарлыҚарағанды-Жезқазған лагеріне оперативтік уәкіл болып тағайындалады. Одан кейін 1954-1968 ж.ж. Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасының Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандық милиция бөлімшелерінде оперативтік уәкіл, аға оперативтік уәкіл қызметтерін атқарды.1968-1984 жылдар аралығында Қазалы, Жаңақорған аудандық ішкі істер бөлімдерібастығының орынбасары, кейін бастығы  болып, 1984 жылы зейнеткерлікке шықты.

Милиция подполковнигі Д.Нұрбаевтың ішкі істер саласында атқарған жемісті еңбегі лайықты бағаланып, 14.11.1977 жылы КСРО Жоғарғы Кеңес Президумы төрағасының Жарлығына сәйкес «Қызыл жұлдыз» жауынгерлік орденімен, одан басқа  жеті медальмен, марапатталды. «Милиция қызметінің үздігі» деген атаққа ие болды.

Мен ағамызбен жақын қызметтес болған жоқпын. Арнайы оқуымды аяқтап, ішкі істер органдарына қызметке келген кезде ол кісіні бірнеше рет жиналыстарда  көрдім. Мен қызметке келгесін екі жылдан кейін запасқа шықты.

Сонау 80-жылдары жергілікті милицияда Ұлы Отан соғысына қатысып, елге аман-есен оралып, әскери кительдерін милиция кительдеріне ауыстырған ағаларымыз запасқа шығып жатырған кез еді. Олар кеуделеріне жауынгерлік орден мен медальдерін милиция медальдерімен толықтырған милиция ардагерлері, полковниктер А.Сағымбаев, М.Бержанов, Қ. Жартенов, подполковниктер М. Мықбаев,А. Имандиев, Б.Қонқабаев, Б.Түгелбаев сынды ағаларымыз болатын. Олармен қатар жастары соғыс ардагерлері ағаларымыздан 7-8 жас кіші, бірақ олармен қатар жүретін, соғыс көрмесе де балалық шақтарын, ойнап-күлуді ауыр соғыс күндерімен ауыстырған, үлкендермен қатар соғысқа көмек беру үшін ауыр жұмыстарға ерте тартылған, соғыстың ауыр зардаптары, аштық, жоқшылықты, небір қыйындықты бастарынан кешірген, 50-жылдары милиция қатарына келген ардагер ағаларымыз бар болатын.

Сол қызмет сапындағы қырандай ағаларымыздың қатарында мерекелік іс-шараларда оларға қарағанда жастау, кителінің омырауына тағылған жарқыраған жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз» ордені бар Досмайыл ағамыз менің есімде жақсы сақталып қалды. Қазіргі ардагер  ағаларымыздың айтуы бойынша Досмайыл ағамыздың да бойында басшылардан өзі, жақындары үшін игіліктер сұрау, өтініш қылу, біреуге күнін түсіру, жағымпаздық таныту, т.б. адамға, жігітке жат, жағымсыз қасиеттер мүлдем жоқ болатын.

  Міне осы ағаларымыздың қатарында бейбіт күні жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталған отставкадағы милиция подполковнигі Д.Нұрбаев ағамыздың орны ерекше болатын.Ол біреуінен бірнеше жас үлкен болса, біреулерінен бірнеше жас кіші болып, ағаларымыздың қатарынан табыла білді.Досекең жауапкершілігі зор қызметті атқара жүріп, өзінің өмірлік бай тәжірибесін көптеген жас мамандарға үйретіп, олардың кәсіби шындалуына септігін тигізді.

Досмайыл ағаның қызметтегі, өмірдегі тәрбилеген шәкірттері бір бөлек, әкеге қарап ұл өседі демекші оның өнегелі өмірі, жүрген жолдарын ұл, қыздары мен немерелері жалғастыруда. Бұл әулет ұрпақтар сабақтастығын ұлықтауға лайықты үлесін қосуда. Досекең отбасында сегіз бала, төрт ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Барлығы да жоғарғы білімді, үйлі-баранды. Ұлы Нұрбаев Төлеген полиция полковнигі, КСРО ішкі істер министрілігі Қарағанды жоғары мектебін аяқтап, қылмысты іздестіру (криминалдық полиция), есірткі қылмыстары, әскери-тергеу қызмет салаларында басшылық қызметінде қызмет істеп, 2013 жылы Тасбөгет полиция бөлімінің бастығы лауазымынан зейнеткерлікке шықты. Қызы Нұрбаева Гүлмира Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен қаржы полициясы подполковнигі шенімен абыроймен  зейнеткерлікке  шықты. Екі немересі прокуратура, тағы екі немересі полицияда қызмет атқаруда. Нұрбаева Эльмира Шымкент қаласы, Қаратау ауданының аға прокуроры, Нұрбаева Айман Ақмола облысы Қосшы қаласының прокуроры. Полиция капитаны Досмайыл Алмасбек ҚР Ішкі істер министрлігінің Алматы академиясының түлегі, қазір Қызылорда қалалық полиция басқармасының криминалды полиция бөлімінің жедел уәкілі. Полиция лейтананты Досмайыл Темірхан Полиция департаменінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы.

Ол өмірінің отыз жылдай өмірін Сыр бойында қылмыс пен құқық бұзушылықтарға қарсы күресуге, тұрғындардың өмірі мен денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын, мемлекет мүдделерін құқыққа қарсы қолсұғушылықтан қорғауға, қоғамдық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті, облысымыздың бірнеше аудандарының өркендеуіне айрықша үлес қосты.

«Аға еңбекпен көркем, бала біліммен көркем» немесе «Жақсы аға – орман» деген дана аталарымыздың сөзі Досмайыл аға сияқты ағаларымызға айтылған секілді. Бүгінде полиция сапында тұрмаса да, жас тәлімгерлерді тәрбиелеп жүрген Ардагер ағалаларымыздың қадір тұтып, өмірде өзіне үлгі  санаған заңғар, ардақты аға Досекең тазалығымен, турашылдығымен, еңбекқорлығымен, басқа да қасиеттерімен ерекшеленді, өзіне, қарамағындағы қызметкерлерге қатаң, бірақ әділ талап қоя білді.

Адам баласының адам баласынан айырмашылығы оның бойындағы ақылы, білімі, мінезі секілді қасиеттері екен. Отставкадағы милиция подполковнигі Досмайыл Нұрбаев 1999 жылдың 20 наурызы күні 71 жасында дүниеден өтті. Өмірінде өте қарапайым, салмақты, еліміздің бейбітшілігін, халқымыздың тыныштығын қорғауға елеулі үлес қосқан аяулы азаматтың жарқын бейнесі Сыр полициясының, біздің жүрегімізде мәңгі сақталды.   

Хұсайын  ҚОРАЗБАЕВ,

Қазақстан Журналистер және Заңгерлер одағының мүшесі,

Қызылорда облыстық  Полиция  департаментінің бөлім

басшысы, полиция полковнигі

Арда туған Досмайыл аға
Арда туған Досмайыл аға
Арда туған Досмайыл аға

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!