Қариялардың әрбір айтқан сөзі – өмірдің талай белесінен өткен тәжірибенің айнасы. Ең қымбат жылдарын елге арнаған ардагерлердің пікірі ешқашан назардан тыс қалмауы керек. Өйткені олардың сөзі – кейінгі ұрпаққа аманат, қоғамға бағыт-бағдар. Осыған байланысты Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы “Ардагерлер үйінде” аға буынның ой-пікірін тыңдап,  ұсыныстарын талқылау үшін кездесу өткізді. 

Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев ашып, ардагерлердің ел тарихындағы орны ерекше екенін атап өтті.
– Ардагерлер ұлт қазынасы. Бүгінгі тәуелсіздіктің іргесін қалаған, елдің еңсесін көтерген аға буын. Біз соғыстың тауқыметін, бейбіт еңбектің ауыртпалығын көрген ардагерлердің әрбір ісінен өнеге алуымыз керек. Жастарымыз осы ардагерлердің әңгімесін тыңдап өскенде ғана ұлттық тамырынан ажырамайды. Бұл – ұрпақ сабақтастығының кепілі. Ортамызда сіздердің сол ұсыныс, талап-тілектеріңіз болса, тыңдауға әзірмін ЖСДП-ның Қызылорда облыстық филиалының Төрағасы келіп отыр, – деді ол.

Осы тұста Нұрбек Сағатұлы жиылған ардагерлердің ел үшін сіңірген еңбектеріне алғысын білдіріп, қоғамдық пікірлері немесе жеке ұсыныстарға ашық екенін жеткізді. 

– Сіздер елдің ең бір ауыр кезеңін бастан өткеріп, қаншама қиындыққа төзіп, соның бәрін еңсеріп, елдің еңсесін тіктедіңіздер. Сіздердің арқаларыңызда ел қайта қалпына келді, жерге береке қонды, халыққа тыныштық орнады. Ал осы бейбітшіліктің әрбір күні сіздердің жанқиярлық еңбектеріңіздің жемісі. Сіздердің төзімдеріңіз бен қайсарлығыңыз болмаса, біз мұндай еркін өмір сүре алмас едік. Сондықтан да бүгінгі басқосуымыздың басты мәні, сіздерге деген шынайы алғысымызды білдіру, – деді ол өз сөзінде. 

Жиында облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірбек Шәменов ардагерлер үшін жаңа ғимарат қажеттігі жөнінде өзекті мәселе көтерді.
– Қазіргі таңда біздегі жағдай көңіл қуантарлық емес. Аядай ғана ғимаратта 50 ардагерге қызмет көрсетілуде. Бір бөлмеде 5 ардагер қатар жатып, қажетті жайлылықтан айырылып отыр. Заманауи құрал-жабдықтар жетіспейді. Әрине, жауапты мамандар бізге қарттар үйінің бір бөлігін ұсынып отыр, бірақ ардагерлердің балалары өз әке-шешесінің қарттар үйінде жатқанына намыстанады. Бұл – қоғам үшін де, отбасы үшін де ауыр мәселе. Сондықтан бөлек, заманауи талапқа сай ғимараттың салынуы – күн тәртібіндегі басты сұраныс. Сонымен бірге, жауапты мамандар “Ардагердер үйі” мекемесі мен облыстық ардагерлер кеңесін бөлек ғимаратқа орналастыруды ұсынған, дегенмен, ол ұсыныс тиімсіз, ардагерлердің мәселесін солардың дәл қасында жүріп шешіп, хабардар болуы керек, екі мекеме жаңа ғимаратқа көшкен жағдайда да бірге болуы керек , – деп, ұсынысын білдірді. 

Ардагерлердің талап-тілегі тыңдалды

Ардагерлердің ұсыныстарын тыңдаған Нұрбек Сағатұлы қарияларға құрмет көрсету – адамдық міндет екенін алға тартты.
– Ардагерлер тәуелсіздіктің тірегі, халықтың тірі тарихы. Біз қашанда осы аға буынға бас иеміз. Өйткені сіздердің еңбектеріңіздің арқасында елде бірлік орнап, мемлекет қалыптасты. Ардагердің әрбір сөзі мен ісі – өнеге. Сондықтан ардагерлерге құрмет көрсету бүкіл қоғамның парызы. Ардагердің батасын алған елдің іргесі берік болады. Біздің партия ардагерлер мүддесін әрдайым қорғайды. Сіздер айтқан ұсыныстар ескерусіз қалмайды. Әлеуметтік әділеттілік пен қамқорлық – ЖСДП-ның негізгі қағидаты. Ардагерлерге лайықты жағдай жасау – тек қана құрмет емес, ел дамуының қажетті шарты. Біз бұл мәселені күн тәртібінен түсірмей, жергілікьі құзырлы орындарға жеткіземіз, – деп сөзін түйіндеді.

Жиын соңында ардагерлердің жаңа ғимараты туралы өтінішінің маңызы ерекше атап өтілді. Өйткені бір шағын бөлмеде бірнеше ардагердің қатар жатуы, қажетті жабдықтардың болмауы, қазіргі заманға сай әлеуметтік қызметтің жеткіліксіздігі – шын мәнінде шешімін күткен мәселе. Ардагерлердің балалары ата-анасының қарттар үйінде қызмет алса, олардың сонда баратынына қынжылып, өздерін ыңғайсыз сезінетінін де ашық айтты. Сондықтан бөлек ғимараттың қажеттігі – уақыт талабы екені тағы да айқындалды. Жиын қорытындысында барлық ұсыныстарды тиісті мемлекеттік органдарға жолдайтынын айтқан Нұрбек Сағатұлы кездесуге қатысушылардың ақ батасын алып, алғысын білдірді. 

ЖДСП ҚОФ баспасөз қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!