Биыл Қазақстанда стоматология мамандығына мемлекеттік білім гранты мүлде бөлінбеді. Бұл жай ғана статистика емес. Бұл – мыңдаған жастың үмітінің үзілуі, ата-ананың көңіліндегі ауыр күрсініс, шексіз арманның жарты жолда шорт үзілуі.
Көп жылдан бері стоматология – сұранысы жоғары, беделі биік мамандықтардың бірі. Әдемі күлкі, сау тіс – тек сұлулық емес, адамның жалпы денсаулығы мен өмір сапасының айнасы. Ал сол айнаға айналу үшін қанша бозбала мен бойжеткен жылдар бойы дайындалып келеді. Бірақ 2025 жылғы жағдай – «арман жолына батқан тұман» тәрізді. Грант түгілі, үміттің ұшқыны да көрінбей қалды.
Бұған дейін де стоматология мамандығына түсу оңай болған жоқ. Жоғары балл кемінде 137–140 болды. Бұл – жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар ғана өтетін шек. Ал биыл бұл меженің өзі мәнсізденді, білімге құштар жастың үмітін өшірді.
«Қолыңда қаражатың болмаса, арманың да – шектеулі» деген ащы шындықты осы жағдай айқын көрсетті. Себебі медициналық оқу ақылары аспандап тұр. Стоматология факультетінде бір жылдық оқу ақысы кейбір университеттерде 1.5- 2 миллион теңгеге дейін жетеді. Бұл қаражатты әр отбасы төлей алмайды. Ауылдан шыққан, көпбалалы отбасында өскен, орташа табысты ата-аналар үшін бұл – мүмкін емес шығын.
Ал мұнымен біз кімнен айырылып жатырмыз? Әрине, мамандығын жүрекпен таңдайтын, шынайы ықыласпен емші болғысы келетін жастардан. Жақсы дәрігер болу үшін тек ақшаның ғана емес, адамгершілік пен жауапкершіліктің де болуы маңызды. Бірақ қазіргі жағдайда жауапкершілік пен арман емес, тек қалтаның қалың болуы мәселені шешіп тұр.
Мемлекет білім беру саласында әділетті саясат ұстану тиіс. Егер сұраныс жоғары, қоғамға қажетті мамандық болса неге оған грант бөлінбейді? Бұл – үлкен мәселе. Бүгін стоматолог жоқ деген – ертең қиналған ел емделетін маман таппай, жеке клиникаларға шығындалады деген сөз. Ал оны халықтың қалтасы көтере ме?
«Білім – теңдіктің кілті» деуші едік. Енді ше? Грантсыз қалған сала – бай мен кедей арасындағы алшақтықты тереңдететін құралға айналмай ма?
Мемлекеттік грант жүйесінің басты мақсаты – білімге құштар, дарынды жастарды қолдау. Егер бұл мақсат ұмыт болса, онда болашаққа қандай сенім болмақ?
Р.ЕРКІНҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!