Бүгінде бизнестің бел ортасында жүргенблогерлер қатары артып келеді. Пішеніөртенбегеннің бәрі ақылды, түйесі жоғалмағанның бәрі есті… Бірі халыққа «мотивация» беретін күнделік дайындаса, енді бірі курс ашып, көпке кеңес беруді кәсіпке айналдырған. Тіпті қатары көбейгені сонша, есебіне жете алмайтындар «есектің артын жу да мал тап» мақалын алға тартады. Ақыл- кеңесін ақылы курстар арқылы үйретіп, теңгені терлемей тауып жүргендердің арғысы әнші, актриса болса, бергісі блогер. Ал «қарыздан құтылу» курсын қарызға алып жүрген қалың елді қалай кінәлаймыз?..
Рас. Жаңа істі жоспарлауда жатқа жүгініп, армандауды әлдекімнен үйренетін жағдайға жеттік. Тіпті таңдау жасарда да тағдырымызды бейтаныс біреудің нұсқауына жегіп береміз. Бұл қаншалықты орынды?
Әйгілі әнші Төреғалидың қарындасы Фариза Төреәлінің де есімі қазақстандық- тарға кеңінен танымал. Қыз-келіншектер қауымына түрлі тақырыпта курс өткізіп жүрген блогердің былтыр авторлық күнделігі сатылымға шықты. «Harmony» аталатын бұл күнделіктің басты мақсаты оқырманды жазу әдетін қалыптастыруға үндеу. Тауарды сатып алған қызылордалық тұтынаушылардың біріне байланысқа шығып, пікірін сұрап көрдік.
– Өзім Фаризаның тұрақты оқырманымын. Күнделік дайындалып жатқанда автор оны екі ай жарнамалады. Тапсырыс берушілер арасында ұтысқа көлік тіккені де есімде. Жалпы тауар екі нұсқада, яғни жеке күнделік және арнайы жинақталған қорап түрінде сатылымға шықты. Қораптағы нұсқасында қателеспесем күн делікпен қоса мотивациялық жапсырмалар, майшам және қаламсап бар еді.
Сатылым ашылған күні алғашқылардың бірі болып 8990 теңге тұратын күнделіктің өзіне тапсырыс бердім. Мұқабасы жыртылып келді. Қызығы, қолыма тигенше асыққан сол күнделікке ештеңе жазбадым. Автордың өзі айтқандай жақсы нәрсені жоспарлау үшін ішінде нұсқаулық бар деп ойладым. Ал шындығында бабалардың бағзыдан келе жатқан даналық сөзін әрбір бетінің бұрышына жазып өте шыққан. Басқа ештеңе жоқ. Үлкен бір өзгеріске жетелейтін ерекше дүние күткен едім. Ойымдағыдай болмады. Күнделік ештеңе жазылмаған, таза күйінде тұрыпақ тозды, – дейді Сәуле Жаханова.
Бүгінде өз қабілетін сан салада сынап жүрген дердің бірі Айжұлдыз Адайбекова. Актриса һәм блогердің авторлық жобасы атанған «Sezapp» өзінөзі бағдарламалау күнделігі көптің қызығушылығын туғызды. Құны 29 990 теңгеге бағаланған тауарды тұтынушы жерлестеріміздің біріне сауал жолдаған едік.
– Күнделікке өткен жылы, қыркүйек айы ның аяғында тапсырыс бердім. Техникалық ақауларға байланысты, тауар екі ай кешіктіріп жеткізілді. Ізінше kaspi.kz қосымшасында да сатылымға шықты. Маркетингтің жиі құрбаны болатындардың бірі мен едім. Бірақ бұл жолы қорап ішіндегі барлық өнім көңілімнен шықты. Айжұлдыз сапаға мән бергені байқалады. Күн делігінен бөлек ондағы футболканы тастамай киіп жүрмін. Майшамының иісі бөлек. Теңіз бақалшығы да жаныңа тыныштық сыйлайды. Ал күнделікке келер болсақ, біздің кешкен сезімдерді, тіпті депрессияның өзін құнсыздандырмауға үндейді. Расымен ой-санама үлкен өзгеріс енгізді, – дейді Зарина Муатқызы.
Иә, бүгінде әлеуметтік желіде танымал адамдар ұсынған түрлі күнделіктер мен мотивациялық курстар трендке айналды. Күнделік парақтарында – түрлі тапсырмалар, күн сайынғы жоспарлар, ойтолғауға арналған сұрақтар мен стикерлер. Бағасы да арзан емес. Бірақ блогерлердің жасаған күнделігін сатып алмай, тіпті одан да мағыналы күнделікті әркім өзі құрастырып, жүргізе алатынын айтқымыз келеді.
Күнделік – адамның ішкі әлемін реттеп, ойын жүйелеп, уақытын тиімді басқаруға көмектесетін құрал. Оны тұрақты жүргізу арқылы күн тәртібің ді жүйелеуге, мақсаттарыңды нақтылауға, өзіңді терең тануға, ішкі күйзелісті жеңілдетуге, шабыт пен мотивацияны арттыруға қол жеткізесіз.
Кейбір танымал тұлғалардың туынды күн деліктері шабыттандыруы мүмкін. Бірақ олардың ішінде бізге сай келмейтін жаттанды тапсырмалар немесе жеке сенімдерге сай келмейтін көзқарастар болуы әбден мүмкін. Ал өзіміз жасаған күнделік – толықтай өзімізге арналады. Ол жерде шынайы өміріміз, уайым, қуаныш, үмітіміз бен арман қиялымыз жүреді. Күнделік жүргізу сән үшін емес, жан үшін керек. Танымал адамның авторлық өнімін сатып алу дұрыс па, әлде өз қолыңмен ішкі әлеміңді тануға ұмтылған дұрыс па – бұл әр адамның өз таңдауы. Бірақ бір нәрсе анық: нағыз құнды күнделік – өзің жасаған, өзің үшін жазған күнделік болып қала бермек.
Кейінгі уақытта жастар желі жұлдыздарының«армандар картасын» сатып алып, одан ерекше бір сиқыр күткендей күйде жүреді. Соның ішінде Мерей Әбілованың армандар картасы бар. Құны 9990 теңге тұратын қорап ішінде арман картасынан бөлек стикерлер, нақтырақ шығармашылық, махаббат, отбасы, денсаулық, байлық, мансап, саяхат жапсырмалары кіреді. Бірі бұл істі жалған көрсе, енді бірі шындыққа айналғанын алға тартады.
– Бастапқыда жарнамасын жиі байқаған соң, мен де қызығып сатып алдым. Әдемі безендірілген, ішінде мотивациялық сөздер жазылған парақшалар бар. Бірақ қолыма тигенде, шынымды айтсам, біртүрлі көңілім қалды. Ішіндегі дүниелер интернеттен де табуға болатын, әсіресе суреттерін қолдан жасап алуға болатынын түсіндім. Яғни жаңашылдық, ерекше әдіс жоқ.
Тым жалпылама, нақты бағыт көрсетілмеген. «Қалағаныңды жаз», «арман картаңды іл» деген сияқты кеңестер бұрыннан белгілі ғой. Сатып алып, бір жаңалық күттім, бірақ ондай әсер болмады. Тағы бір нәрсе – мотивация уақытша. Алғашында шабыттанып бастайсың, бірақ бір неше күннен кейін қызығушық төмендеп кетеді. Себебі тұрақты орындауға сатылай жұмыс жоқ. Өз бетіңмен жалғастыру қиын. Қысқаша айтқанда: сырттай бәрі әдемі, бірақ ішкі мазмұны терең әрі кәсіби дайындалған коучинг деңгейіне жетпейді, – дейді Үміт есімді желі қолданушысы.
Армандар картасы – мақсатты көз алдына елестетудің, визуализация жасаудың бір тәсілі. Бұл әдістің психологиялық негізі бар, бірақ ол картаны жай ғана сатып алып, қабырғаға іліп қоюмен мақсат орындала қалмайды. Ол тек әрекетпен толықтырылғанда ғана нәтиже береді. Яғни, ол – мотивациялық құрал, бірақ жұмысты сен үшін істемейді.
Мерей Әбілова секілді танымал блогерлер дайындаған карталарда әдемі суреттер, ұтымды фразалар, эстетика бар. Алайда арманымызды біреу әсемдеп, жоспарлап бергенімен ол біздің арманымыз емес. «Шайнап берген ас болмас» дейді қазақ. Нағыз армандар картасы – өз қолымызбен қиып, жабыстырып, жазып жасаған ниетіміз бен үмітіміздің көрінісі. Міне дәл осы картада шынайылық пен сенім бар. Жоқ, тауарды сатып алғандарды ешкім кінәлай алмайды. Тұтынушы өзіне қолдау іздейді, мотивация керек, бағыт керек шығар. Армандар картасын сатып алу – сол ішкі ізденістің бір көрі нісі болар. Бірақ бір нәрсені ескеру керек: ешкім де сенің өміріңді сенің орныңа жақсарта алмайды. Карта – көмекші құрал, бірақ өзгерісті тек өз қолыңмен жасауың керек. Өз армандарыңды өзің суретте. Егер біреудің картасы шабыт берсе – оны үлгі қыл, бірақ өзің жаса. Бұл – тек сенің жаның түсінетін, жүрегіңе жақын, шынайы армандар картасы болады. Арман сатып алынбайды.Арманды жасайды.
Сонымен айтпағымыз, армандар картасының да, күнделіктің де сан түрлі, керек десеңіз екі есе қолжетімді нұсқалары бар. Бірақ неге блогерлердің бизнесі өте белсенді деген сауалды өзіңізге қойып көрдіңіз бе? Блогерлердің әлеуметтік желідегі үлде мен бүлдеге оранған өмірі, танымалдығы һәм табысты қадамы кез келгенді қызықтырмай қоймайды. Сайып келгенде құр қиялдың жетегінде маркетингтің құрбаны болатындар қатары артпаса, кемімей отыр. «Менің жетістігімнің құпиясы…» деп басталатын тіркестер талайға таныс. Алайда желі беттеріндегі мінсіз суреттер мен бейнероликтер олардың «шынайы өмірі» дәл осы деңгейде екенін білдірмейді.
Әнші Ерке Есмаханның жеке бренді ретінде сатылымға шыққан сотуардың құны 50 мың теңгені құрайды. Іші күміс бұйымның сыртына алтын жалатылған. Өнер жұлдызының айтуынша әшекей терең мағынаға ие көрінеді.
– Мен сіздер үшін үлгімін. Мен бірден Ерке Есмахан болып кеткенім жоқ. Жетістіктерімнің ешбірі оңай келген жоқ. Ауылда, қарапайым отбасында туыпөстім. Алла берген талан тымның арқасында өнерге келдім. Жеке өмі рімнің әртүрлі сынақтан өткенін білесіздер. Өмірімде баланс болмады. Ақша болса әйел бақыты болмады. Сол кездегі менің көңіл-күйімді сипаттайтын «ЕркеСотуар». Әр әйелдің бақытын құрайтын денсаулық, отбасы, сәби сүю, карьера, сұлулық және байлық – бәрі бірікті. Әдемі туынды дүниеге келді. Еркенің бренді сіздерге сәттілік алып келсін, бағы жұғысты болсын. Шын жүректен тіледім! Негізі бұл туындымды жолдасым екеуміз тек өзіме деп ойластырып жүрдік. Идея өзімдікі. Әрбір бөлшегі ақ ниетіммен жүзеге асты. Сосын уақыт өте ой келді: өз жеке басымды ғана ойламай, осы бұйымды неге әр қазақ қызына «жұғысты болсын» деп ұсынбасқа, – деді әнші желіге жариялаған жазбасында.
Әншінің жүріп өткен жолы өзі айтқандай «көпке үлгі ме, үлгі емес пе» әркім өзінше саралай жатар. Не нәрсені де жақсылыққа ырым етуші қазақ аталған бұйымды қызына, немересіне сыйға алды. Алайда көп ұзамайақ желі беттерінде сынға ұшырап, әр тұстан теріс пікірлер жылт ете қалды. «Тақпай жатып қарайып кетті, бұның орнына алтын алуым керек еді» деп жазба жариялаған желі қолданушысын қалың елдің бірі қолдаса, енді бірі сөгіп жатқанына куә болдық. Ізінше әнші өзінің және командасының кінәлі екенін мойындап, өніммен қайта жұмыс жүргізілетінін және ақаулы әшекей үшін ауыстыру, тіпті ақшасын қайтару жолдары қарастырылып жатқанын мәлімдеді.
Қош. Тұтынушы қауымды бұл тауарларды сатып алуға «ешкім қинамайды» деуіңіз мүмкін. Дегенмен депрессия ғасырында өмірінің өңі қашып, өзгеріс іздеп жүрген жандар желідегі жарқыраған жарнаманың торына түсіп қалуы демде екенін білген жөн.
Қорытындылай келе, қаптаған уәденің қармағына ілініп, қайдағының қалтасын қалыңдатып жүргенін халық түсінсе дейміз. Ғаламтор дамыған дәуірде әлемнің түкпір-түкпірінен ақпарат алмасу мүмкіндігі мол. Аз ғана ізденсек сол ілімнің бәрі де ғаламтор беттерінде сайрап жатыр. Жазу техникасын шынында маңызды деп санасақ қалауымызды, арман-тілектерімізді, шүкірімізді қарапайым дәптерге де жазуға болатынын түсінетін сәт жетті. Қажетті не қажетсіз дүиені саралап, қаражатымызға ие болу үшін қаржылай сауатымызды арттырғанымыз абзал!
Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!