Кешқұрым шақ. Сенбінің суығына қарамастан сіңілім екеуміз сәнденіп, бөлеміздің үйіне қыдыруға шықтық. Жақсы қарсы алды. Бар дәм-тұзын алдымызға қойып, шүйіркелесіп шай іштік. Жаурағаннан ба білмеймін, әйтеуір ыстығына жылынып неше кесе шай ішкенімді ұмытып қалыппын. Кенет тәтем мен сіңілімнің әңгімесіне құлақ түрдім. Болашаққа жоспар жайлы сөз қозғап отыр екен. Әңгімеден әңгіме шығып, тәтем «Армандар картасын» құрастырғанын айтып қалды. Қызық болғаны соншалық, көргенше асықтық…

Қояр да қоймай, көрсетуін сұрадық. Қолға алдық. Қарадық. Сезім басқаша. Осыдан бірнеше жыл бұрын, яғни студент кезіндегі жазған дүниелері сол қалпы айна қатесіз орындалғанын қуанышпен айтып отыр. Негізгі мамандығы – тігіншілік. Соған қатысты жеке цех, әлеуметтік дүкен ашу жоспарында болыпты. Орындалған. Карта бетіндегі түрлі  жазуға қарап, қызыға қарайсың. Оны жай қара сөзбен жазып қана қоймай, суретін де сызып, нақты уақытын да тайға таңба басқандай белгілепті.

Бала шақтан санамыздың түкпірінде қалып қойған ішкі қалауымыздың орындалуы нақтылықты талап ететіні түсінікті. Мұнда ең алдымен ата-анан­ың, жақын жандар­дың сенімі маңыз­ды. Менің сол кезде санамды селт еткізген бір ой болды. Біздің көп нәрсеге көңіліміз толмайды емес пе?! Мысалы, айналадағы адамдарға қарап, оның өміріне тереңірек үңілгіміз келеді. Тіпті өзімізден мін іздеп кететініміз бар. Бойдағы артық салмақтан арылғымыз келеді. Комплеске бой алдырып, көп нәрсеге жасандылықпен жеткісі келетіндер де аз емес. Бірақ бұл жерде бізге көмекке келетіні тек қарапайым қағидалар ғана. Таңмен таласып, ерте ояну, 1 стақан су ішу, тіл үйрену, көкжиегіңді кеңейтіп, бос уақытты тиімді пайдалану деген секілді. Мұндайда жалқаулық аяқтан тартып жататыны бар. Бірақ бәрібір қарым-қабілетті,  күш-қуатты, ерік-жігерді адал еңбек ету үшін және сүйікті іспен айналысуға жұмсау керек. Өзіңді дамыту, жетілдіру қашанда бірінші орында.

Ойға алған дүниені қағаз бетіне түсіріп отырған да жақсы. Қойын дәптерге әдемі сөздер жазыла береді. Ал оны мақсатты түрде жүзеге асыру кез келгеннің қолынан келмесі анық. Сондықтан әр күнді жоспар­лау мақсаты­ңызға деген бір қадам екенін ұмытпаңыз! Армандай біліңіз!

Гүлжанат ҚАДЫРБЕКОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!