Фото: ©️ Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Мәжілісте «Ақжол» фракциясының депутаттары «Арселор Миттал Теміртау» кәсіпорнының 500 миллион доллардан асатын қарызы барын айтып, премьер-министр Әлихан Смайыловтан көмек сұрады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға тиесілі көмір кеніштерінде болған қайғылы оқиғалардан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен кәсіпорынның иесі ауысты.
«Қазір Үкіметтің есебінше, (кәсіпорынды жаңа қожайынға – еск.) өткізу процесі толық аяқталды. Бұл ретте зауытты жаңа инвесторға берудің түпкілікті рәсімі аяқталмай жатып-ақ, «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнының отандық кәсіпкерлер алдында 500 миллион доллардан асатын қарызы бары белгілі болды. Бұл мәселе БАҚ пен әлеуметтік желілерде қызу талқыланды», – деді депутат Асқар Сыдықов Үкімет басшысының атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, «АрселорМиттал» ұзақ жыл бойы қазақстандық мердігерлер алдындағы кредиторлық берешегін ұлғайтқан.
«Кәсіпорын өзінің басым жағдайын пайдаланып, шын мәнінде олардың есебінен пайызсыз несиеге ие болды. Қазір көптеген мердігерді қарызды кім өтейтіні алаңдатып отыр. Бұрын мердігерлер мен жеткізушілер бөліп-бөліп ақшасын қайтарып алуға сәл үміті болса, қазір олар банкрот боп, барлық қаражатынан айырыламыз деп қауіптеніп отыр», – деді ол.
Депутат дәл осындай жағдай 1995 жылы да болғанын еске салды.
«Кәсіпорынды сол кездегі министрлер кабинетінің тікелей араласуымен ГАО «Кармет» Лакшми Митталға өткізген кезде кәсіпорынның бұрынғы иесі барлық активті, соның ішінде кредиторлық қарызды да жаңа қожайынға бергенін айқтан. Соңғысы мұны мойындамаған. Енді бүгін 28 жыл бұрынғы оқиғаның қайталану қаупі бар. Бірақ бұл қомақты қарыздың артында кәсіпорынның ғана емес, олардың контрагент серіктестері мен мердігерлердің мыңдаған отбасының тағдыры тұр», – деді Асқар Сыдықов.
Ол «Ақ жол» партиясы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының отандық тауарлар мен қызметтерді жеткізушілер алдындағы кредиторлық берешегін өтеу мәселесін шешу үшін Бас прокуратура мен Үкіметке бірнеше рет ресми сауал жолдағанын мәлімдеді.
«Мемлекеттік органдардың берген жауабына сәйкес, бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқаны, тиісті рұқсат беру комиссиялары құрылғаны айтылған. Бірақ бүгінде мәселенің шешілмегенін, оның тығырыққа тірелгенін көріп отырмыз. Сондай-ақ, кәсіпкерлер қарыздан бөлек, кассалық алшақтықты жабу мен салық төлеу мәселесінде де қиындыққа тап болды. Салық органдарының айтуынша, мұндай жағдайда туындаған берешек есептен шығарылмайды немесе ол АМТ-ға аударылады. Демек АМТ мердігерлері зауыттың бұрынғы және қазіргі иесінен қарыздарын қайтара алмағаннан бөлек, фискалдық органдардың талаптары мен қосымша салығымен күресу мәселесіне тап болды», – деді Сыдықов.
Депутаттар Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтан көмек сұрады.
«Әлихан Асханұлы, «Ақ жол» ҚДП фракциясы «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының жеткізушілер мен мердігерлер алдындағы қарызын өтеу бойынша Үкімет қандай шаралар қабылдап жатқанын түсіндіруді сұрайды», – деді Асқар Сыдықов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!