Кейінгі кездері білім саласында жағымсыз жайттар жаға ұстатып, қоғамдағы ұстаздардың беделі мен мәртебесін төмендете түскені жасырын емес. Саланы дамытуға бөлінген теңгелер «жеңгелердің» жеңінің ішінде, әлді «әпкелердің» ықпалында, «қаһарман ағайлардың қалтасында» кетіп жатқандай. Бірінен соң бірі «ақша жеді» деген айыппен жолдан тайғандар бар. Одан қалды, ағайлардың үстінен арыз төпеліп, мұғалімдер шәкірттердің бетіне қарай алмауда. Ал бірде төрдегі орынға телінген ұлағатты жандарды мына қоғам болып, ұлықтай алмай жатырмыз ба деп тағы бір ойдың үстінде қаласың.
Абыройы мен беделі биік ағам бар. Ес білгелі ұстаз, әлі де зейнетке жасы жетпеген, білім ошағын басқарып отыр. Кейде кей басшылардың қызметкерлерінің арасындағы беделі туралы айтқанда алдымен басшының өзіне тән этикеті туралы сөз ететін. Өзінің деңгейін түсірмей, қай кезде де болмысын биік етіп, болмашыға жақындамай, таза жүріп, таза сөйлегенде ғана беделің болатынын жиі айтатын. Расында, әлгі ағамның беделі мен мәртебесінің төмендегенін көрмедім. Шәкірттері де төбесіне көтереді. Биік-биік мінберлерде ұстазынан алған білімі мен тәрбиесінің жемісін көрсетіп келеді.
«Қазір заман басқа, қоғам да өз арнасын тауып, өзгеріп, ағымымен келеді. Біз оған қарсы тұрып, өзгертіп жібере алмаймыз. Сондықтан қоғам мен шәкірт не сұрайды, мұғалім соны береді. Ал әдісің көнерсе, жаңартуың керек. Ол үшін мүмкіндік мол. Адам болған соң шалыс басқан жанның кез келгенінің қадірі кетеді. Қадірің кетсе, қайтадан қасықтап абырой жинайсың. Ал ол қиын екен, шөміштеп төкпе», – дейтін ол әңгіме арасында.
Таяуда дене шынықтыру пәнінің мұғаліміне қатысты болған мәселе де көпшілік назарында. Әйтсе де, мұғалімнің отбасы, бала-шағасы, тіпті немерелері де бар екен, ал бастауышта оқитын балақайға қырын қарайтын мінезі де жоқ көрінеді. «Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деген тастың бәрі осы ұлтты тәрбиелейді деген ұстаздарға дөп тиіп жатқан тәрізді. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтін досымды әңгімеге тартқан едім, ол тіпті көзі шарасынан шыға жаздап тұр. «Біз артық ешнәрсе айта алмаймыз» деп, баяғы «диктаторлық әдістің» ұшын шығарды. Әйтсе де, есімін жарияламай жазуыма рұқсат берді.
«Осыдан 3-4 жылдай уақыт бұрын бір мықты математик сотталып кетті», – деді досым күрсініп. Рас, оның жанарынан бір үрей байқадым. Үрей дегенде де біреуден, әлдекімнен қорқу емес, болашақтан қорқу. Кішкентайынан ұлттық мүдде, елдік мәселе дегенді көп айтатын, тіпті, бала күнімізде футбол көріп отырып, өзі жанкүйер болатын команданы боқтап-боралап, күйіп-пісіп жүретін. Баяғы болмысы өзгермепті, тек «диктаторлық жүйе» әбден қыспақтап, оны да «рәмкінің» ішіне сығызып жіберіпті.
«Өзің білесің, бала-шағам бар, несие мен ипотекаға да баймын, шүкір. Сондықтан, ләпбай тақсыр деп, құлдық ұрамыз. Жасыратын несі бар, сол математик мұғалім оқушының бір ауыз сөзі үшін сегіз жыл арқалап кетті. Ал ол сондай талапшыл еді. Бойында теріс қылық болмайтын. Балаларға есеп үйретемін деп, өз есебін ұмытып жүретін жан. Ал кешегі дене шынықтыру пәнінің мұғаліміне жазылған арыздан соң біз бәріміз қорқып қалдық. Сенесің бе, өз жұмысымызды істеуге қорқамыз. Баланың денесіне қолың тимеу керек. Ал бала жаттығу кезінде жазым болып қалуы мүмкін, біз сақтандырып, оны демеуіміз керек. Демесек, педофилсің дейді, демей алмай, ол травма алса, өз ісіңе мұқият қарамадың дейді. «Жұмсақ түйе жүндеуге жақсы» деп, қоғам болып, кім жаман – мұғалім жаман қылды. Қалай күймейсің? Кейде осы пәлен жылғы тәжірибем мен оқуға кеткен жылыма қолымды бір сілтеп, безіп кеткім келеді. Ал безгенде қайда барасың?», – дейді мұғалім досым.
Мұнан бөлек, ұстаздың абыройы мен беделін төмендетуге өзіміз атсалысқан тағы бір себеп бар. Ол – білім алуға икемі жоқ балаға «Әй, балам, жерде қалмайсың, ауылға мұғалім қыламын» деп, оны кейінгі ұрпаққа білім беруге әкелу. Таяуда ғана «Үздік педагог» атағын жеңіп алған жерлесіміз Әсел Пірмағамбетова осы бағыттағы сұраққа: «Баланы бұл мамандыққа бағыттамас бұрын бірінші әлеуметтік жағдайды басты орынға қоймай, баланың икемділігіне, ерекшелігіне баса назар аударса екен деймін. «Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» демекші, жас жеткіншектерге сапалы білім, саналы тәрбиемен сусындататын жауапты мамандыққа бей-жәй қарап келе салу жауапсыздық» деген болатын. Әйтсе де, бұл талапты ескеріп жатқандар қаншалықты деп тағы да қалың ойға шомамыз ғой.
Білім саласында тағы бір жігітті танимын. Қазір мектепте он жылдан астам уақыт болды, еңбек етіп жүр. Бірақ не ізденіс, не даму, не болашаққа жоспар жоқ. Жігіт болған соң кейде оның намысын жанып, алға қадам басу керек екенін қаттырақ айтамыз. Қоғам да, адам да өзгеріп жатыр, ал оның өзгермейтін бір ғана жауабы бар: «Көтерілу, сағат, санат, марапат дегеннің бәрі де ақша, таныс арқылы жүреді. Мен олай абыройым мен арымды сатқанша, осылай жүре берейін. Жұмысқа барам, үйге қайтам, осы өмірім ұнайды» дейді.
Адам да, маман да әртүрлі ғой. Ал біз кейде баламызды осындай ұстаздар тәрбиелеп, білім беріп жатыр дегенді ойға алғанда елдің келешегі қалай болар екен деп қатты ойланамыз. Мықтылар бар екені рас, оны қоғам да мойындаған. Бірақ әлгіндей мамандардан кемінде 100 бала тәлім алады, олар бір-бір шаңырақты ұстайды, балаларға ақыл үйретеді. Өмір өзі тәрбиелеп алады дейміз, бірақ өмір мектебіне қашанғы арқа сүйей береміз. Оны да ойланған жөн шығар…
Аян СПАНДИЯР
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!