Осыдан төрт жыл бұрын «Қызылорда-Жезқазған» тас жол бойындағы 980 гектар жерге инфрақұрлым жүргізу үшін республикалық бюджеттен 10 миллиард теңге жұмсалып, «Бәйтерек» мөлтек ауданы жер кезегінде тұрғандарға тегін берілген еді. Десе де тұрғындардың көпшілігі жерді игеруге асықпай отыр. Ал жер кезегінде тұрған 60 мыңнан астам халық кезегінің қашан жылжитынын біле алмай, мекеме табалдырығын тоздыруда. Жаңадан бой көтерген аудан халқының тыныс тіршілігін, жер кезегінің жылжуына қандай кедергі бар екенін білу мақсатында Қызылорда қалалық жер қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі Ғанибек Омаровпен әңгімелескен едік.
– 2016 жылы «Бәйтерек» ауданынан жер кезегінде тұрған 5 мыңнан астам тұрғынға жер берілді. Арада 4 жыл өтті. Тұрғындар жерді мақсатты пайдалана алды ма?
– Қызылорда – Жезқазған трассасының бойынан жалпы көлемі 980 гектар аймаққа егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленіп, аталған аймақ «Бәйтерек» мөлтек ауданы деп аталған болатын. Осы ауданнан жер кезегінде тұрғандарға тұрғын үй салу мақсатында 5 112 жер учаскесі табысталды. Жер учаскесінің құқығы – уақытша өтеулі, жалдау құқығына берілді. Яғни 3 жылға дейін. Жерді жалға берудегі басты мақсат – жерге мұқтаж азаматтарды нақтылау. Себебі, осы уақытқа дейін үкімет тарапынан берілген жерлерді баспана салу дерегі емес, сату көбейіп кеткен. Мұндай деректерге тосқауыл қою мақсатында Жер кодексі талаптарын ескере келе, 3 жылға жалға беруді жүзеге асырдық. Нәтижесінде 1500 адам үй салып, жерді жекеменшікке алу құқығын иеленді. Толық игерілмеуіне байланысты 1443 азаматтың жер телімі мемлекетке қайтарылды. Жартылай құрылыс салуына байланысты қалған азаматтардың жерінің жалға алу құқы ұзартылды.
– Мемлекетке қайтарылған жер енді 2006 жылы жер кезегінде тұрғандарға табыстала ма?
– Қызылорда облысында 2005 жылдан 2021 жылға дейінгі аралықта 61 мың 800-ге жуық тұрғын жер кезегінде тұр. Жер кезегіне 2006 жылы тұрғандар жиі келіп, реттілігін тексеріп, жер қашан беріледі деп сұрайды. Осы азаматтардың өтінішін ескеріп, «Бәйтерек» ауданындағы игермегендердің жерін мемлекетке қайтардық. Десе де жер кезегінде әлі де 2005 жылы 3 мыңға жуық азамат бар. Өйткені 2005 жылы жер кезегіне 11087 азамат тіркелген. Осы 3 мыңға жуық тұрғынды қамтымай, 2006 жылға жылжи алмаймыз. Қазіргі таңда жеке тұрғын үй құрылысын беру қағидасына 2021 жылдың наурызында өзгеріс енгізіліп, жер телімін беру Жер қатынастары бөлімінен алынып, қалалық Сәулет және құрылыс бөліміне берілді. Осы аталған бөлім кезекте тұрған азаматтарға жер телімін беру жұмысына кірісіп кетті.
– Сонда 2016 жылы «Бәйтерек» мөлтек ауданынан қайтарылған 1143 жер телімі 2005 жылы кезекке тұрғандарға табысталады ғой. Ал басқа да жер кезегінде тұрғандарға «Бәйтерек 2» мөлтек ауданы салынып жатыр деп естіген едік. Қаншалықты рас?
– «Бәйтерек» ауданынан бөлек, 150 гектар және 670 гектар аумаққа егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары жасалуда. Яғни бұл жерлер «Бәйтеректің» жалғасы десе де болады. Қазіргі таңда Жер кодексінің талаптарына сәйкес, аталған аумақтарға инженерлік инфрақұрылым, яғни толық коммуникация жүргізілмей, жер учаскесі берілмейді. Осы мәселе шешілген соң табысталады. Бірақ одан бөлек, қала аумағынан Саяхат, Қорқыт, Әл-Фараби сияқты аудандардан бос жер телімін іздестіріп жатырмыз. Инженерлік инфрақұрылымы бар, бірақ иесі жоқ жерлер 2005 жылы жер кезегіне тіркелген реттілігі бойынша да табысталуда.
– Жалпы «2005 жылғы арызды сатамын» деген жарнаманы жиі көреміз. 2005 жылы жер кезегінде тұрған арызды сатып алу арқылы жер телімін алу қаншалықты дұрыс?
– Өте орынды сұрақ. Мұндай жарнамадан бас алу мүмкін болмай қалды. Тіпті «Бәйтерек» ауданындағы жер телімін сатамын деген жарнаманы да көрдік. Жалпы бұл әрекет заңға қайшы. Мысалы, 2005 жылы жер кезегінде тұрған Қайрат есімді азамат «Бәйтерек» ауданынан жер алды. Бірақ иегермегеніне қарамастан сол жер телімін сатамын дейді. Негізінде бұл жер мемлекеттің меншігінде. Ол азаматқа тек 3 жылға жалға берілген. Сондықтан мұндай жер телімін алып, сан соғып қалуыңыз мүмкін. Көп азаматтар осылай алданып қалғанын айтып шағымданады. Сондай-ақ жоғарыда айтқан арыз мәселесі де дәл осылай. Мысалы, нотариусқа барып, 2005 жылы кезекте тұрған азаматтың кезегін менің құқыма беруіңізді сұраймын деп те заңдастыра алмайсыз. Бұл заңға қайшы. Тек ғана уақытша құқық беруі мүмкін. Уақытша құқық алдым екен деп, ол жерге үй салғанның өзінде негізгі құқық 2005 жылы жер кезегінде тұрған Қайраттың атына ғана беріледі. Яғни баспана салып болған соң, үй автоматты түрде Қайраттың атына рәсімделеді. Сондықтан өз құқыңызды шектемеген абзал.
– «Бәйтерек» мөлтек ауданынан кәсіпкерлік мақсатта жер телімдері бөлінуде. Кәсіп ашқысы келетіндер бұл жерді қалай иемдене алады?
– Бұл ауданда бастапқыда 5112 жер телімі берілген. Яғни бір отбасында 4-5 адам тұрады деп есептесек, алдағы уақытта бұл ауданға 22-25 мың тұрғын қоныстанады деп жоспарланған. Қазір осы тұрғындардың азық-түлігі мен қажетті тұрмыстық заттарын немесе қажетті қызмет алу үшін қала орталығына баруға мәжбүр. Осы мәселені ескеріп, қала әкімінің тапсырмасы бойынша осы ауданнан кәсіпкерлер үшін 21 жер телім белгіленген болатынбыз. Аталған жер телімінің көлемі 100 шаршы метрден 7 мың шаршы метрге дейінгі аралықты қамтиды. Яғни бұл аумаққа кәсіпкерлер базар, наубайхана, шаштараз, монша, дәріхана ашуына болады. Жер телімі кәсіпкерлерге Жер кодексінің 48-бабына сәйкес, сауда-саттық арқылы беріледі. Сауда-саттық дегеніміз – мемлекет меншігіндегі жерді кәсіпкерлер ашық конкурс арқылы сатып ала алады. Ал конкурс Кәсіпкерлер палатасында өткізіледі. Бұл жерлерді алудың тиімді тұсы қаладағы жер теліміне қарағанда арзанырақ. Мысалы, қалада жердің 1 шаршы метрі 1230 теңге болса, ал бұл ауданда 250 теңге. Қазір бұл аудандағы жерді кәсіпкерлерге құлаққағыс ретінде хабарладық. Сауда-саттыққа ұсынылған жер учаскелеріне тиісті мекемелерден келісім алған соң тізімі қала әкімінің ресми сайтында және БАҚ-та жарияланады. Кәсіптік мақсатта берілген жер де уақытша жалға алу құқығынсыз беріледі.
– «Бәйтерек» ауданынан бөлек, Сол жағалауда да тұрғындар саны артуда. Бұл аумақтан да кәсіптік мақсатта жер телімі беріле ме?
– Сол жағалаудан кәсіпкерлік бағытта 1532 гектарға әзірленген егжей-тегжейлі жоспары бар. Осы жоспарға сәйкес, жер телімі табысталады. Ол үшін азаматтар қалалық Сәулет және құрылыс бөліміне өтініш білдіреді. Сол өтініш негізінде басқарма жобаның егжей-тегжейлі жоспарға сай келгеніне және облыстық штаб отырысының келісіміне қарай табыстайды.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан Айгүл ӘЛІШЕРОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!