Фото: Мәжіліс

Әйелдер мен балаларды ғана емес, жалпы ешкімді ұруға болмайды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жоюдың халықаралық күні қоғам мен мемлекеттің назарын осы өзекті мәселеге аударуға бағытталған.

Көктемде сайлаудан кейін бірден арнайы заң жобасын әзірлеуге кірісіп кеткен болатынбыз. Құжат 1,5 ай бұрын Үкіметке бекітуге жіберілді. Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында әйелдерді қорғау бойынша жүйелі шаралар қабылдау міндетін қойды. Ол үшін мемлекеттік органдар қажетті жұмыстарды атқарып жатыр, – деді депутат.

Аймағамбетов мәселені тек жауапкершілікті қатаңдату арқылы ғана шеше алмайтындығымен келісетінін айтып, шаралар кешенін қабылдау қажет екенін жеткізді.

Бірақ соған қарамастан, қолданыстағы нормаларды, оның ішінде отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында денсаулыққа жеңіл зиян келтіру туралы ескертуден бас тартуға мүмкіндік беретін норманы міндетті түрде қайта қарау керек. Әйелдер мен балаларды ғана емес, жалпы ешкімге қол көтеруге, ұрып-соғуға болмайды. Тіпті жануарларды да. Сонымен қатар, егер отбасында зорлық-зомбылық болса, 73-1-бапта көрсетілген жазаны жеңілдету нормасы орынсыз, – деді Асхат Аймағамбетов.

Депутаттар осы себептен жауапкершілікті күшейтуді қолға алған.

Олар:

  • әйелдердің денсаулығына жеңіл зиян келтіретін ұрып-соғу немесе отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік.
  • қорқытулар немесе тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері туындаған жағдайда жәбірленушінің мәлімдемесін күтпей-ақ, БАҚ-тағы немесе онлайн платформалардағы хабарламалар негізінде жеке алдын алу шараларын қабылдау құқығын беру.
  • соттың отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылық жасаған адамдарға агрессивті мінез-құлқын өзгерту үшін мәжбүрлеп медициналық психологиялық көмек тағайындау құқығы.
  • Отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастағы бір адамды басқа біреудің қудалауы үшін жауапкершілікті белгілеу.
  • харассмент үшін жауапкершілік – жыныстық қудалау және басқа нормалар.

Барлығын тек заңдар ғана шеше алмайтынын тағы да атап өтейін, дегенмен заңнамаға өзгерістер енгізу осы бағыттағы жүйелі жұмыстың маңызды құрамдас бөлігі. Мемлекет басшысы айтқандай, «Заң және тәртіп» қағидасы қазақ қоғамы үшін өзіндік идеологиялық, саяси бағдар болуы тиіс», – деді Мәжіліс депутаты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!