Ел астанасы талай жастың тағдырын өзгертіп, қанша қыз-жігітке мүмкіндік пен үміт сыйлаған қала. Солардың қатарында сыр бойынан қоныс аударып, елордада білім алып һәм жұмыс істеп жүрген жерлестеріміз де аз емес. Осы орайда астаналық атанған қызылордалықтармен байланысып, олардан бас қаладағы өмір мен мүмкіндік туралы, туған жерге деген сағыныш жайлы сұрап көрдік.

СҰЛУ СЫРДАН ЕРКЕ ЕСІЛГЕ

Ердәулет Кәкімжанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Балық шаруашылығы комитетінің баспасөз хатшысы:

Университет қабырғасынан түлеп ұшып, төртінші билік иесі атанған сәттен туған жерге қызмет етуді бастадым. Журналистика − тек жазумен сөйлеу ғана емес, түрлі саланы меңгеріп, біліміңді шыңдап, жан-жақты болуға үлкен мүмкіндік. Соның бірден-бір дәлелі 7 жылда сұлу Сырдан ерке Есілдің жағасы, бас қала Астанаға келіп, журналистика бағытында мемлекеттікқызметтің алғашқы қадамдарын бастадық.

Әрине, туған жердің тынысы бөлек, тұрмысы басқа. Жақындарың жаныңда, өмір сүру дағдысы өз қалауыңдай. Менің көзқарасымда, «туған жер үнемі еркелік пен қателікті кешіріп, жетістігіңе балаша қуанатындай» көрінеді. Ал Астана жастардың мүмкіндік мекені іспетті. Күннен-күнге көркейіп, ажары айшықтала түскен жас қаланы көргенде бойыңда еріксіз жігер тасып, жауапкершілік күшейе түседі. Жаңа қызмет, жаңа орта, жаңа тыныс. Соған сай әр ісіңнен, әр қадамыңнан нәтиже күтесің.

Таң ертеден басталған тіршілік кештің қалай батқанын байқатпайды. Мұнда уақытты тиімді пайдаланғандар сол күннің үздігі. Қарапайым кептелістің өзі төзімділік беріп, қымбатшылық үнемге баулитындай. Бас қаладағы қызметті бастағаныма небәрі айға жуық уақыт болса да бойдағы жастық жалынның әсерінен қаланың қиындығы әлі сезіле қоймады. Демек, бұл менің Астанаға деген махаббатым мен жігерім алға бастайтынын байқатқан болар.

ЖАҢА ТАНЫСТЫҚ, ЖАҢА КӨЗҚАРАС, ЖАҢА ДЕҢГЕЙ

Карима Жұмағали, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ магистранты:

Өзім қызылордада туып өскен соң Астанаға қоныс аудару мен үшін үлкен қадам болды. Иә, мұнда барлығы әлдеқайда басқаша. Тұрғындардың өмір сүруі бөлек, шапшаң әрі тез. Ал оның артықшылығы сіз өзіңізге нақты не керек екенін білесіз және сол арқылы көптеген мүмкіндікке ие боласыз. Өзіңізді дамытуға, білім алуға, армандарыңызға қол жеткізудің түрлі жолы бар. Бүгінде Астанада магистратурада оқып жатырмын, ғылымдағы алғашқы қадамымды жасадым. Сонымен қатар адами тұрғыдан да өте қатты әсер етті.Жаңа таныстық, жаңа көзқарас, жаңа деңгей дегендей. Ал туған қалаға деген сағыныш, әрине, бар. Сыр елінің ыстығы, адамдарының жайдарлы жүзі оның барлығын сағынамын. Әйтсе де өзімнің армандарыма Астанада жеткім келеді. Қызылордаға алғысым шексіз. Сол жақтан алған тәрбие, білім арқылы бас қалада арман-мақсаттарыма қол жеткізіп жатырмын. Бұл біздің еліміздің ордасы, жаңашылдықтың қаласы деп айтамыз.

«Ақмешіт жастары» басылымының оқырмандарын Астана күні мерекесімен құттықтаймын!

ӨМІР ҚАРҚЫНЫ ӘЛДЕҚАЙДА ЖОҒАРЫ

Айнұр Шаймаханова, гинеколог-дәрігер:

Астанаға қоныс аударғаныма 3 жыл болды. Бұл уақыт ішінде 2 қаланың айырмашылығын күнделікті өмірден-ақ байқауға болады. Қызылорда – менің туған жерім, ал Астана – еліміздің бас шаһары, жаңа мүмкіндік пен дамудың қаласы. Өмір сүру деңгейінде айтарлықтай айырмашылық бар. Астанадағы өмір қарқыны әлдеқайда жоғары, жылдам. Мұндағы адамдар бір орында тұрмайды, үнемі қозғалыста, жоспармен жүреді. Қызмет көрсету, тұрғын үй мен азық-түлік бағасының қымбат екені рас. Дегенмен жалақы көлемі соған сай және мүмкіндік өте көп. Әсіресе жастар үшін бұл қала нағыз дамушы орта. Жол қатынасына келетін болсақ, такси бағасында да елеулі айырмашылық байқалады. Жолда кептеліс те көп. Ал білім беру бағытына келетін болсақ, балаларға арналған курс, қосымшалар жақсы жағынан қойылған. Елорданың болашағы зор. Даму мен өсуді қалайтындар үшін бұл қала жаңа мүмкіндіктер есігін ашады. Қызылордадағы өмірді комфортпен, тыныштықпен байланыстыруға болады. Адамдар арасында туыстық байланыстың басымдығы әрдайым сезіледі. Әрине, мен үшін туған жерім ыстық. Әрқашан жүрегімде қалады.

Ә.ЖАНӘБІЛҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!