Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Транзиттік нөмірлері бар көліктерді автосалон арқылы сатып алуға уәде берген елорда тұрғыны жәбірленушілерден ақша алып, өз қалауы бойынша жұмсап үлгерген. Оның үстінен «алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Астана полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, бірнеше айдың ішінде Астана тұрғыны Моңғолия Республикасынан көлік жеткіземіз деген желеумен 15 адамды алдап кеткен.

Күдіктіден Астана, Павлодар және Қарағанды облыстарының тұрғындары зардап шеккен.

«Транзиттік нөмірлері бар көліктерді автосалон арқылы сатып алуға уәде берген азамат жәбірленушілерден ақша алып, өз қалауы бойынша жұмсап үлгерген. Ол ақшаның бір бөлігін тұтынушыларға көлік сатып алуға жұмсап, ал қалғанын ысырап жасаған», – дейді полицейлер.

Полицейлерге Қарағанды облысының тұрғыны хабарласып, көлік сатып алу үшін елорданың тұрғынына 21 миллион 700 мың теңге ақша бергенін айтқан. Тағы бір адамнан 3 миллион 300 мың теңге алған.

Жедел іздестіру шараларын ұйымдастыруға жұмылған «Алматы» аудандық криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері алаяқтық қылмысына қатысты деген күдікпен қала тұрғынын ұстаған.

«Қазіргі уақытта ұсталған ер адамның үстінен «алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол кінәсін мойындап, Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына жеткізілді», – делінген хабарламада.

Астана полиция департаменті азаматтарды қырағы болуға, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге және бейтаныс адамдарға ақша аудармауға кеңес береді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!