Фото: Олжас Сүлейменов
Астанадағы «Зейін» оқырмандар клубында белгілі журналист, публицист, ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты Төлен Тілеубайдың «Түлкілітаудың аспаны» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қаламгердің бұл жинағына «Түлкілітаудың аспаны» атты повесі және үш әңгімесі кірген.
Мектеп жасындағы балаларға және көпшілік қауымға арналған кітаптың таныстырылымына Астана қаласы мәслихатының депутаты Мәдина Әжікенова, №53 мектеп-лицейінің мұғалімі Салтанат Айтбаева және астаналық оқырмандар мен студенттер қатысты.
Салтанатты рәсімді «Зейін» оқырмандар клубының авторы, №101 орта мектептің мұғалімі Нұрбек Ерікұлы жүргізді.
«Түлкілітаудың аспаны» – Төлен Тілеубайдың тұңғыш повесі. Бұл шығармаға ауыл баласының арман-тілегі, мақсат-мұраты, адамның бойындағы адалдық, адамгершілік, мейірім сияқты ізгі қасиеттер арқау болған.
Басты кейіпкер – Әмірдің балалық шағын суреттеу арқылы автор ауыл адамдарының мінез-құлығын, болмыс-бітімін бүкпесіз беруге ұмтылады. Повесте адам баласы мен табиғаттың үндестігі, бірінсіз бірінің күні жоқтығы үйлесіммен суреттелген. Әңгімелерде автор Отанды сүю, табиғатты қорғау, махаббатқа адалдық тақырыптарын көркем тілмен кестелейді.
«Ақбөкен жылаған түн» деректі-көркем әңгімесіне қазақтың батыр ұлы, қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің браконьерлермен арпалысы, өшпес ерлігі негіз етіп алынған. «Ақ көгершін», «Гүлсараның махаббаты» әңгімелерінде махаббатқа адалдық, адам жанының құпиясы, албырт шақтағы адамның бойында кездесетін қателіктер сөз болады.
«Бұл кітаптың басқалардан өзгешелігі – мектеп жасындағы балаларға арналған. Соңғы жылдардағы негізгі мақсатым – балаларға арналған кітап жазып, жарыққа шығарсам деген арманым болды. Кітап 2024 жылы желтоқсан айында Қарағанды қаласындағы «Tengri Ltd» баспасынан 1000 данамен басылып шықты.
«Түлкілітаудың аспаны» – балалық шақ туралы шығарма. Кітапта отбасы туралы, әке мен бала, ана мен бала, бауырмалдық, адамгершілік, ізгілік секілді асыл қасиеттер қамтылған», – деді кітап авторы Төлен Тілеубай.
Автордың негізгі мақсаты адам бойындағы ізгі қасиеттің құдіреті мен құндылығын балаларға, жастарға жеткізу болған. Бұл кітап – талапты әрбір қазақ баласына оқуға, сыйлыққа беруге таптырмайтын құрал. Тілі жатық, жеңіл. Бір деммен оқылады.
«Бүгін тамаша рухани кешке куә болдым. Қазіргі кітап аз оқылатын уақытта мұндай шығарманың оқырманға тигізер әсер өте мол. Еңбегіңіз елене берсін! Сізге шығармашылық табыс тілеймін», – деді мәслихат депутаты Мәдина Әжікенова.
Кездесу барысында оқырмандар Төлен Тілеубайға жаңа кітап жайлы және журналистикаға қатысты сұрақтарын қойды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!