Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Премьер-министр Олжас Бектенов Астанадағы LRT құрылысының барысымен танысты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Үкіметтің баспасөз қызметі мәліметінше, қазіргі уақытта нысанда рельстер төселіп жатыр – ұзындығы 2 шақырым болатын учаскеде, сондай-ақ оптикалық талшықта жұмыс аяқталды. Биыл жұмысқа 2 мыңға жуық адам жұмылдырылды, жаз мезгілінде нысанға 5 мыңға жуық маман тартылады.

«CTS» ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев 25 қазанда LRT-ны тестілік режимде іске қосу, яғни жолаушысыз пойыздарды сынақтан өткізу жоспарланып отырғанын хабарлады. Астанадағы жеңіл рельсті көлік жобасы озық GoA4 стандартына сәйкес жүзеге асырылып жатыр, бұл 6 айлық сынақ мерзімін талап етеді.

«LRT жобасының құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Былтыр эстакаданы, көпірді және стансалардың темірбетон жұмыстарын аяқтадық. Астанада темірбетон шпалдарын өндіретін зауыт іске қосылды. Рельс төсеуді бастадық. Депоның, стансалардың құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ арнайы қызметкерлерді оқыту қолға алынды. ЛРТ желісі бойынша абаттандыру жұмыстары жүргізіледі, оған жаяу жүргіншілерге, велосипед тебуге, жүгіруге арналған жолдар, сонымен қатар қала тұрғындары үшін демалыс аймақтары кіреді», – деді «City Transportation Systems» ЖШС басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев.

Әуежайдан Рысқұлов көшесіне дейін ірі ағаштар мен көпжылдық бұталар отырғызылып, автоматты суару жүйесін орнату жоспарланған. Қабанбай батыр даңғылы бойымен Сығанақ көшесіне дейінгі аумақ балалар және спорт алаңдары, жаяу жүргіншілер жолдары қоғамдық кеңістіктерге бөлінген. Әрі қарай жолаушылар ағыны белсенді 2-теміржол вокзалына дейін кең автотұрақтар, велосипедке арналған жолдар жасалып, көгалдандыру қарастырылған.

Олжас Бектенов депоның басқару орталығы аумағында құрылыс-монтаж жұмыстарының барысымен де танысты. Жоба қытайлық серіктес China Railway Asia-Europe Construction Investment Co., Ltd. компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Толық автоматтандырылған депо құрамдарды тұраққа қоюға және жөндеуге, материалдар мен қосалқы бөлшектерді сақтауға арналған 13 негізгі ғимараттан құралған. Сондай-ақ мұнда диспетчерлік пункт, байланыс торабы және LRT пайдаланушы компанияның әкімшілік кеңсесі бар барлық қоғамдық көлік түрлерін басқаратын орталық салынып жатыр.

Депо алаңында LRT-ға арналған жылжымалы құрамды өндіруші CRRC Tangshan Co.,Ltd. зауытымен бейнебайланыс арқылы тікелей қосылым болды. Премьер-министрге LRT бойымен жолаушыларды тасымалдайтын локомотивтердің ерекшеліктері баяндалды. Барлығы 650 орынға есептелген 19 төрт секциялы құрам жұмыс істейтін болады.

Tangshan CRRC Group компаниясының басқарма төрағасы Чжоу Цзюньянь қазіргі уақытта өндірісте сағатына 350 км/сағ дейін жоғары жылдамдықты пойыздар өндірісіндегі технологиялар мен стандарттарды қолдана отырып, алғашқы екі құрамды құрастыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Құрастыру тікелей құрылыс алаңында жүргізіледі. Әр құрам 36 жоғары сапалы монитормен, 11 камерамен және пойыздарды автоматты басқару жүйелерімен жабдықталады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!